Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ҚАЛА КҮНІ – ШЫМКЕНТТІҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫНЫҢ КӨРІНІСІ

ҚАЛА КҮНІ – ШЫМКЕНТТІҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Шымкентте Қала күні мерекесі кең көлемде аталып өтіп, тұрғындар мен қала қонақтарына бірқатар жаңа әлеуметтік, мәдени және қоғамдық нысандар тарту етілді. Мерекелік іс-шаралар аясында шаһардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалар іске қосылып, тұрғындар үшін жаңа демалыс және мәдени кеңістіктер пайдалануға берілді.

Қала күніне арналған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге бірқатар жаңа нысандардың ашылу рәсімдеріне қатысты.

Мереке қарсаңында мегаполистің әлеуметтік инфрақұрылымы жаңа қоғамдық кеңістіктермен толықты. Соның бірі – жеке инвестор қаржысы есебінен салынған «Шымқала» этноауылының алғашқы кезеңі. Жоба ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, туризмді дамытуға және шығармашылық индустрия өкілдеріне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Этноауыл аумағында ашық концерт алаңы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы, ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамхана және қолөнер шеберлеріне арналған павильондар пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жоба кеңейтіліп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететін ірі мәдени орталықтардың біріне айналмақ.

Қала күні қарсаңында бұған дейін де бірнеше маңызды нысан ел игілігіне тапсырылған болатын. Атап айтқанда, жаңа мәдениет үйі ашылып, тұрғындардың серуендеуіне арналған гүлдер аллеясы пайдалануға берілді. Сонымен қатар аумағы 4 гектардан асатын заманауи «Shym City» саябағының үшінші кезеңі аяқталып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.

Мереке аясында қала тұрғындарына тағы бірнеше жаңа саябақ тарту етілді. Бұрынғы «Кең баба» саябағы аумағында Жапон саябағы ашылса, қайта жаңғыртудан өткен бұрынғы «Қиял әлемі» аумағында заманауи City Park саябағы пайдалануға берілді.

Сондай-ақ бұрынғы қоқыс полигонының орнында бой көтерген аумағы 45 гектарды құрайтын Экопарк тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Жаңа демалыс аймағында жасанды су айдыны, серуендеу жолдары, бақылау алаңдары және түрлі рекреациялық кеңістіктер қарастырылған. Саябақ аумағына 5 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылып, қаланың жасыл қорын ұлғайтуға және экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосылды.

Жаңа нысандардың ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға және мегаполистің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады.

Қала күні мерекесінің шарықтау шегі кешкі уақытта «Астана» алаңында өткен ауқымды гала-концерт болды. Мыңдаған тұрғын мен қала қонағы қатысқан мерекелік кеште жергілікті өнерпаздармен қатар еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Концерт барысында Зируза, Еділжан, Заттыбек Көпбосынұлы, Досымжан Таңатаров, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төрәлі, Нұрболат Абдуллин, Әділет Жауғашар, Ильхан, Райм және «КешYOU» тобы өздерінің танымал шығармаларын орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Мерекелік кешті белгілі тележүргізушілер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин жүргізді.

Алаңға жиналған тұрғындар мен қонақтар сүйікті әншілерімен бірге ән шырқап, мерекелік бағдарламаны зор ықыласпен тамашалады. Кеш соңында ұйымдастырылған әсерлі отшашу қала аспанын жарқыратып, мерекенің сәнін келтірді.

Осылайша биылғы Қала күні Шымкенттің қарқынды дамуы мен жаңаруын айшықтаған маңызды оқиғаға айналды. Жаңа нысандардың ашылуы, қоғамдық кеңістіктердің көбеюі және ауқымды мәдени бағдарламалардың ұйымдастырылуы қаланың әлеуметтік, туристік және мәдени әлеуетінің тұрақты түрде артып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*