Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласында цифрландыру саласында атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы айтылды.
Шымкент қаласында цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Жыл басынан бері цифрлық кәсіпкерлікті қолдау, IT-білім беруді дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды.
Өңірдегі технологиялық экожүйені қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп жатқан «Shymkent IT HUB» технопаркі бүгінде жастар мен стартап-командалардың басын қосатын маңызды алаңға айналды.
Биыл мұнда IT-қоғамдастықты дамытуға және стартаптарды қолдауға арналған 44-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, 1041 келуші тіркелген. Сонымен қатар, 168 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламаларға қатысқан.
Стартаптарды дамыту мақсатында 5 стартап-жоба мен 2 хакатон өткізілді. Қазіргі таңда технопарк резиденттері қатарында «QazTracker», «Alaqan», «Puls.kz», «Art Code», «Florax» және «Qalam AI» жобалары табысты жұмыс жүргізуде.
Бұдан бөлек, технопарк базасында жасанды интеллект, бағдарламалау, киберқауіпсіздік және мобильді қосымшаларды әзірлеу бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын кеңейту көзделуде. Бұл жастардың заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруіне және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне мүмкіндік береді.
Цифрлық кәсіпкерлікті дамыту аясында стартап-командаларға менторлық қолдау көрсету, инвесторлармен кездесу ұйымдастыру және инновациялық жобаларды нарыққа шығаруға жәрдемдесу жұмыстары да жалғасады. Бұл өңірде жаңа технологиялық өнімдердің пайда болуына және шағын инновациялық бизнестің дамуына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары, колледждер мен IT-компаниялар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық берілуде. Бірлескен жобалар мен тәжірибелік бағдарламалар арқылы студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру және оларды нақты өндірістік процестерге бейімдеу көзделген.
Мамандардың айтуынша, цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған бұл бастамалар өңірдің инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және Шымкенттің еліміздегі жетекші цифрлық орталықтардың біріне айналуына негіз қалайды.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары