Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде Жетісай ауданының мәдени іс-шарасы өтті.
Жетісай көшінің шымылдығы ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлерінің, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің көрмесімен ашылып, ауданның тарихы, жеткен жетістіктері, сан саладағы мүмкіндіктері кеңінен дәріптелді. Қылқалам және қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып, сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары мен Ресей мен Түркия, Австралия мен Польша, Англия елдерінен келген қонақтардың оң бағасын алды. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүр мен спортқа, әдет-ғұрыпқа байланысты жасалған қолөнер бұйымдары келушілер тарапынан жоғары бағаланды.
Сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі байқау аудан өнерпаздарының «Жетісай – өнер мен мәдениеттің алтын бесігі» атты Гала-концертімен қорытындыланды.
Аталмыш концертте ауданнан шыққан өнерпаздар термеші, ақын Бауыржан Бекахметов пен ҚР мәдениет саласының үздігі, танымал әзілкеш Жанатбек Байтеков, ақын-сазгер, көпшілікке сүйікті әндерімен танымал эстрада әншісі Асан Пердешов пен дәулескер күйші, ҚР мәдениет саласының үздігі Шыңғыс Иса өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар мәдени шарада туған жерінің өнерін асқақтатып, талантымен халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас өнерпаздар да сахнаға шығып, қазақы өнердің құдіреті дәріптелді. Ұлттық болмыс пен өнердің сан қырын көпке ұсына білді.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан рухани құндылықтар фестивалінде аудан-қалалардан келген қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы жанрлық ерекшелік, ұлттық нақыш, сахналық мәдениет пен ұйымдастырушылық деңгей бойынша бағалайды.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары