Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ӨТТІ

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы Керуен-Сарай туристік кешенінде өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Қазығұрт ауданының мәдени күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Шара барысында аудан өнерпаздары ұлттық ән-күй мен дәстүрлі өнерді дәріптеген мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар қолөнер көрмелері мен этномәдени экспозициялар қойылып, Қазығұрт өңірінің бай мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылды.

Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай фестиваль қонақтары мен туристерге аңыз бен ақиқат тоғысқан, тарихы терең Қазығұрт өңірінің ерекшеліктерін кеңінен таныстырды. Сондай-ақ киелі Қазығұрт тауының тарихи-рухани маңызы, табиғаты көркем туристік орындары, ежелгі мәдени мұралары мен қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық әлеуеті туралы баяндап, ауданның туристер үшін тартымды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Кешкі гала-концертте аудан өнерпаздарымен қатар, киелі Қазығұрттың тумасы, белгілі өнер қайраткері Өктем Алтаев өнер көрсетіп, көпшілікке әсем әндері арқылы керемет әсер сыйлады.

Фестиваль аясында Қазығұрт ауданының өнер ұжымдары мен шығармашылық өкілдері ұлттық мәдениеттің бай мұрасын кеңінен насихаттап, өңірдің өнер саласындағы әлеуетін көпшілікке таныстырды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген концерттік бағдарлама көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.

Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің туындылары мен этнографиялық бұйымдары келушілердің қызығушылығын тудырып, қазақ халқының дәстүрлі өнерінің ерекшеліктерін паш етті. Мұндай көрмелер ұлттық мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызды тетігі саналады.

«Өнерлі өлке» фестивалі өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасуына және мәдени ынтымақтастықтың артуына да мүмкіндік берді. Бұл жоба мәдениет саласының дамуына жаңа серпін беріп келеді.

Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени жоба болып табылады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*