Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » ТҮРКІСТАН: «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ АЯСЫНДА ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ АЯСЫНДА ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Керуен-Сарай» туристік кешенінде өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері сән-салтанатымен ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани кеш сыйлады.

Мәдени іс-шараның мақсаты – ауданның мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту және өнер ұжымдарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Осы мақсатта ұйымдастырылған мәдени күндер Түлкібас ауданының бай рухани мұрасы мен шығармашылық әлеуетін жан-жақты танытты.

Фестиваль барысында ауданның мәдениет саласының қызметкерлері мен өнерпаздары көрермендер назарына мазмұнды әрі әсерлі концерттік бағдарлама ұсынды. Қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері орындалып, халық композиторларының шығармалары шырқалды. Сонымен қатар патриоттық, лирикалық және заманауи әндер орындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Би ұжымдары ұлттық және заманауи хореографиялық қойылымдарымен сахна сәнін келтіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мәдени шара аясында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, аудан шеберлерінің ағаш, тері, киіз, зергерлік және тоқыма өнерінен жасалған бірегей туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге келушілер халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнер дәстүрімен танысып, ұлттық нақыштағы бұйымдардың жасалу ерекшеліктері жөнінде мол мағлұмат алды.

Сондай-ақ этномәдени экспозициялар арқылы Түлкібас өңірінің тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мен мәдени ерекшеліктері кеңінен насихатталды. Киіз үйдің жабдықтары, ұлттық тұрмыстық бұйымдар, дәстүрлі қолөнер үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылып, қазақ халқының бай мәдени мұрасы көрермендерге жан-жақты таныстырылды.

Кешкі уақытта өткен гала-концерт фестивальдің көркін ашты. Ауданның үздік өнерпаздары мен мәдениет саласының майталмандары сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшілікке әсерлі музыкалық кеш тарту етті. Әсем ән мен күмбірлеген күй, ұлттық би мен сахналық қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Түркістан облысының барлық аудан-қалаларының мәдениеті мен өнерін бір арнаға тоғыстыратын маңызды шығармашылық жоба болып саналады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*