Шымкентте мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру жалғасуда. Соның нәтижесінде жыл сайын баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған отбасылар саны артып келеді.
Бүгін «Көрме» орталығында өткен салтанатты рәсімде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады. Бұл жолы тағы 30 шымкенттік отбасы қоныс тойын атап өтті.
Қала әкімі тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тіледі. Сондай-ақ, тұрғын үй саласын дамыту бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Көп қабатты үйлер заманауи қалалық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан.
Баспана көп балалы отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне табысталды.
Айта кету керек, тұрғындардың жеке баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Жаңа тұрғын үйлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аумақтарды абаттандыру, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын жабдықтау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қалада тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру және қолжетімді баспанамен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобаларды іске асыру жалғасып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта жаңа тұрғын үй кешендерін салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде көптеген отбасы баспаналы болып, өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары