Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының №1 хирургия бөлімінің дәрігерлері сирек кездесетін қан тамыры патологиясына шалдыққан 41 жастағы науқасқа күрделі ота жасап, оның аяғын ампутациядан аман алып қалды.
Науқас бір жыл бұрын аяқ тұсынан ауыр жарақат алған. Жарақат салдарынан балтырдың артқы үлкен жіліншік артериясы зақымданып, уақыт өте келе қатерсіз қан тамыры ісігі пайда болады. Ісіктің көлемі ұлғайып, айналасындағы тіндер мен қан айналымына қауіп төндіргендіктен, аяқты ампутациялау қаупі жоғары болған.
Мамандар науқасқа жергілікті жансыздандыру арқылы екі сағатқа созылған күрделі ота жасады. Нәтижесінде зақымданған қан тамыры қалпына келтіріліп, аяқтың қан айналымы сақталды.
Аталған клиниканың хирург дәрігері Бауыржан Бакировтың айтуынша, мұндай диагноздар тәжірибеде өте сирек кездеседі және қауіпі өте жоғары. МӘМС есебінен жасалған жоғары технологиялық көмек науқастың аяғын аман алып қалуға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, оңалту шаралары жалғасуда.
Мұндай күрделі жағдайларда уақытылы медициналық көмек көрсету аса маңызды. Қан тамырларындағы өзгерістер ерте анықталған жағдайда, заманауи диагностикалық әдістер мен хирургиялық технологиялар арқылы ағзаның зақымданған бөлігін сақтап қалуға мүмкіндік артады. Дәрігерлердің үйлесімді жұмысы мен дұрыс таңдалған емдеу тәсілі науқастың өмір сапасын жақсартуға ықпал етті.
Операция алдында мамандар толық тексеру жүргізіп, қан айналымының жағдайын бағалап, емдеу жоспарын мұқият әзірлеген. Бұл тәсіл асқыну қаупін азайтып, хирургиялық араласудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметтер күрделі диагнозы бар пациенттерге қажетті емді қолжетімді етуге бағытталған. Жоғары технологиялық операциялардың қаржыландырылуы азаматтарға заманауи медициналық көмекті уақытылы алуға және денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайларда пациенттің дәрігерге дер кезінде жүгінуі маңызды. Ерте тексеріліп, қажетті ем қабылдау ауыр асқынулардың алдын алуға және хирургиялық емнің нәтижесін жақсартуға көмектеседі.
Бүгінде Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында күрделі хирургиялық оталарды орындауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар мен тәжірибелі мамандар бар. Осындай мүмкіндіктердің арқасында көптеген пациенттерге ағза мүшелерін сақтап қалуға бағытталған тиімді ем жүргізіліп, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасалуда.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары