Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНДЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНДЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда сайлауды заңнама талаптарына сай өткізу, яғни, сайлау учаскелерін дайындау, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, сайлаушылар тізімін қалыптастыру және азаматтардың барлық санаттары үшін қажетті жағдай жасауды қамтамасыз ету іс-шаралары атқарылып жатыр.
Бүгін  қаладағы сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдауға дайындығы туралы арнайы іс-шара өтіп, дайындық жұмыстары пысықталды. А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияда орналасқан №92 сайлау учаскесінде Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Есенғали Расулбеков, қоғам белсенділері, комиссия мүшелері дайындық барысына куә болды.
Ауданда 77 сайлау учаскесі бар. Есенғали Райсбекұлы барлық учаскелердің талапқа сәйкестігіне, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлардың жасалуына тұрақты бақылау жүргізілетінін атап өтті.
  Сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтарға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Азаматтардың кіріп-шығуы үшін пандуспен қамтамасыз етіліп, кабинкаларда шамдар қойылған. №92 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Ақмарал Шатырбекованың айтуынша, аумақта жалпы 1470 адам тізімге алынған. Сайлау учаскесінің шекарасы белгіленіп, азаматтардың кедергісіз кіріп, дауыс беруіне барлық жағдай жасалып отыр.
Айта кетсек, қала тұрғындары дәл осы учаскелерде өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыса алады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, шақыру батырмаларын жұмыс жағдайына келтіру, жаңадан құрылған учаскелерге пандустар орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл іс-шаралардың орындалу барысы тұрақты бақылауда.
«Шымкент келбеті»

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*