Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарын ашу арқылы білім беру сапасын арттыру, озық технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осы тапсырма аясында Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі «Woosong Kazakhstan University» университеті ашылды.
Бұл жоба – Түркістан өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның жоғары білім беру саласы үшін маңызды тарихи қадам. Университеттің ашылуы елдің цифрлық трансформация стратегиясымен үндесіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы білім мен инновация орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда Woosong University-ге қабылдау науқаны жүріп жатыр. 2025 оқу жылында университетке 107 студент қабылданды. Оның ішінде 100 студент Түркістан облысы әкімдігі бөлген грант негізінде білім алуда.
Бүгінде университетте бакалавриаттың екі заманауи білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда:
– 6В06105 «Жасанды интеллект»;
– 6В06107 «Деректер туралы ғылым».
Аталған бағдарламалар студенттерге қос диплом алу және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін ұсынады.
2+2 қос диплом бағдарламасы бойынша студенттер оқу мерзімінің жартысын Түркістандағы университетте, ал қалған бөлігін Корея Республикасындағы Woosong University немесе оның халықаралық серіктес жоғары оқу орындарының бірінде жалғастыра алады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге екі жоғары оқу орнының дипломы беріледі.
Сонымен қатар жоғары курс студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Woosong University мен оның халықаралық серіктес университеттерінде бір немесе екі семестр білім алып, игерген кредиттерін толықтай есептете алады.
Университеттің оқу үдерісін 13 оқытушы қамтамасыз етеді. Студенттер Кореядағы Woosong University электронды кітапханасының ресурстарын пайдалану мүмкіндігіне ие.
Жоғары оқу орнының жобалық қуаты 2000 студентті құрайды. Алғашқы қабылдау кезеңінде 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.
Халықаралық деңгейдегі бұл білім ордасы өңірде цифрлық технологиялар саласындағы білікті кадрларды даярлауға, жастардың сапалы білім алуына және Қазақстанның білім беру жүйесінің жаһандық кеңістікке кірігуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 сәуірде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде Түркістанда халықаралық стандарттарға сай заманауи университет бой көтерді.
Түркістан қаласында жаңа жоғары оқу орнының ашылуы шаһардың білім беру инфрақұрылымын дамытуға және жастарға ұсынылатын білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етуде. Қалада мектепке дейінгі, орта және техникалық-кәсіптік білім беру бағыттарымен қатар, жоғары білім беру саласының да жаңа мазмұнмен толығуы өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Университеттің қызметі Түркістан жастарының заманауи мамандықтарға қызығушылығын арттырып, олардың ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және деректерді талдау бағыттарында кәсіби білім алуына жол ашады. Бұл өз кезегінде білім алушылардың еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді меңгеріп, болашақта жоғары технологиялық салаларда қызмет етуіне негіз қалыптастырады.
Сонымен бірге халықаралық тәжірибенің жергілікті білім беру ортасына енгізілуі Түркістан қаласының білім мен ғылым саласындағы жаңа мүмкіндіктерін кеңейтеді. Шетелдік білім беру тәжірибесі мен заманауи оқыту тәсілдерінің сабақтастығы студенттердің кәсіби дайындығын күшейтіп қана қоймай, оқытушылардың да тәжірибе алмасуына және жаңа академиялық байланыстардың қалыптасуына ықпал етеді.
Алдағы уақытта университеттің білім беру бағдарламалары мен академиялық байланыстарының кеңеюі Түркістанды жастардың білім, ғылым және инновация бағытында дамуына қолайлы орта қалыптасқан заманауи студенттік қала ретінде танытуға серпін бере алады. Бұл бастама өңірдегі адами капиталды дамытуға және білімді, бәсекеге қабілетті жас мамандардың қалыптасуына ұзақ мерзімді негіз қалайды.
Университеттің Түркістанда орналасуы қаладағы білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланысты күшейтуге де мүмкіндік береді. Жоғары оқу орнының заманауи бағыттары мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің IT саласына қызығушылығын арттырып, оларды болашақ мамандығын ерте кезеңнен таңдауға ынталандырады. Осы арқылы қалада білім алудың үздіксіз жүйесін қалыптастырып, жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне және өз әлеуетін жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары