Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан 2025-2027 жылдарға арналған орта білім беру ұйымдарын реновациялау жоспарлары аясында Түркістан қаласында да жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Жоспар негізінде өткен жылы қалада 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын қайта жаңарту, қауіпсіздік жүйелерін орнату, инженерлік желілерін жаңарту, сондай-ақ, ғимараттың сыртқы қасбетін абаттандыру жұмыстары атқарылды. Бұл шаралар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, заманауи білім беру технологияларын енгізуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Е.Дауылбаевтың тапсырмасына орай қайта жаңғыртудан өткен мектептердегі жұмыстардың сапасын бақылау мақсатында Түркістан қаласы әкімдігі, қалалық құрылыс бөлімі, қалалық білім бөлімі өкілдерінен жұмысшы топ құрылып, Түркістан қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Айтбекқызы Абилхасованың басшылығымен топ мүшелері мектептерде атқарылған жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, 2025 күрделі жөндеуден өткен қаладағы Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебі мен Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында атқарылған жұмыстардың сметалық жоспарға сәйкестігін, жұмыстардың сапасын бақылаумен қатар мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады. Өз кезегінде жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме басшылары мен жауапты мамандарға анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Мектеп ғимараттарын жаңғырту барысында ең басты талаптардың бірі – орындалған жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі. Осыған байланысты жұмысшы топ тарапынан құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейіне, пайдаланылған материалдардың сапасына, ішкі және сыртқы инфрақұрылымның жай-күйіне ерекше назар аударылды. Мұндай бақылау жұмыстардың ұзақ мерзім бойы сапалы қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымдарындағы күрделі жөндеу тек ғимаратты сыртқы және ішкі тұрғыдан жаңартумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – оқушылар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Жаңартылған кабинеттер мен оқу кеңістіктері білім алушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, педагогтердің тиімді жұмыс жүргізуіне қажетті жағдай жасауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, мектептердегі жөндеу жұмыстары барысында энергия тиімділігіне, санитарлық талаптардың сақталуына және ғимараттың жалпы пайдалануға қолайлылығына басымдық беріледі. Инженерлік жүйелердің жаңартылуы, жарықтандыру сапасының жақсаруы, санитарлық тораптардың ретке келтірілуі және қауіпсіздік шараларының күшейтілуі мектеп ортасының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Жұмысшы топтың зерделеу барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалардың берілуі – жұмыстың сапалы аяқталуына қойылатын талаптың жоғары екенін көрсетеді. Әрбір ескерту назардан тыс қалмай, белгіленген мерзімде түзетілуі тиіс. Бұл ретте мердігер ұйымдардың жауапкершілігі мен өз міндеттерін сапалы орындауы ерекше маңызды.
Жаңғыртылған мектептердің жаңа оқу жылына толық дайын болуы үшін жөндеу жұмыстарымен қатар оқу кабинеттерінің жабдықталуы, жиһаздардың орналасуы, спорттық және кітапханалық кеңістіктердің әзірлігі де назарда ұсталады. Мектеп ұжымдары оқу процесін ұйымдастыруға қажетті жұмыстарды пысықтап, білім алушыларды жаңарған ортада қарсы алуға дайындық жүргізуде.
Жалпы, білім беру нысандарын жаңарту – қаладағы білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Жайлы әрі заманауи мектеп ортасын қалыптастыру арқылы оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалып, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне мүмкіндік кеңейе түседі. Ал атқарылған жұмыстардың сапасын жүйелі бақылау бұл бағыттағы нәтижелілікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді.
Алдағы уақытта да Түркістан қаласындағы білім беру нысандарын жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Басты мақсат – әрбір мектептің жаңа оқу жылына толық әрі сапалы дайын болуын қамтамасыз етіп, білім алушылар үшін қауіпсіз, жайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары