Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осылай мәлімдеме жасап, құқық бұзушылықтың салдарын анықтау емес, оның алдын алу, қылмысты болдырмауға күш жұмсау қажеттігін атап өтті.
Түркістан қаласының Прокуроры Каукен Бақтыбайұлы Нәрікбаев, қалалық Полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы Нысанбаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оспанұлы Рысбеков, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлнұр Айтбекқызы Абилхасова, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары және қаладағы білім беру мекемелерінің директорлары қатысқан алқалы басқосуда қаладағы қылмыстың алдын алу бойынша атқарыып жатқан жұмыстар баяндалды.
Қала прокурорының орынбасары Нұркен Ағабековтың баяндауынша, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,7 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, Түркістан қаласы полиция басқармасы жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижелері жөнінде баяндады. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі бар. Дегенмен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалған қылмыстардың сақталуы профилактикалық жұмыстардың әлі де күшейтілуін талап етеді. Басқосу барысында атқарылған жұмыстарға талдау жасап қана қоймай, бұл бағытта жұмысты күшейтуді қажет ететін тетіктер нақтыланды.
Комиссия отырысының қорытындысында жауапты мекемелерге білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды қайта қарап, мектеп психологтарының жұмыс тиімділігін арттыру, түнгі рейдтерді жүйелі ұйымдастыру, жастармен жұмысты күшейту және ақпараттық-түсіндіру шараларын жаңа тәсілмен жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары ең алдымен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудан басталады. Осы бағытта білім беру ұйымдарында спорттық, мәдени және шығармашылық үйірмелердің жұмысын жандандыру, оқушылардың қызығушылығына қарай түрлі іс-шараларға тарту маңызды. Бос уақытын пайдалы іске арнаған бала қоғаммен белсенді араласып, жағымсыз әрекеттерден алшақ болуға мүмкіндік алады.
Мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізілуі қажет. Оқушыларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндірумен қатар, заң талаптарын сақтаудың маңызы, құқық бұзушылықтың жауапкершілігі және оның адам өміріне тигізетін кері әсері жөнінде нақты әрі түсінікті ақпарат берілуі тиіс. Мұндай кездесулерді жасөспірімдерге жақын форматта өткізу олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл бағыттағы жұмыста ата-аналардың жауапкершілігі де ерекше орын алады. Бала тәрбиесінде мектеп пен отбасы арасында тұрақты байланыс орнаған жағдайда ғана жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік туады. Сондықтан ата-аналармен профилактикалық кездесулер өткізу, отбасылық тәрбие мәселелерін талқылау және өзара ақпарат алмасу жүйелі түрде жалғасуы қажет.
Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтердің жұмысы да профилактиканың маңызды бөлігі саналады. Әр оқушының психологиялық жағдайын, әлеуметтік ортасын және жеке ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілген жұмыстар қауіптің алдын ала белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе қосымша қолдауды қажет ететін оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, оларға қажетті бағыт-бағдар беру маңызды.
Құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысы да нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Мектептерде мамандардың қатысуымен кездесулер ұйымдастыру, қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жасөспірімдер көп шоғырланатын орындарда профилактикалық шараларды күшейту арқылы құқық бұзушылық тәуекелдерін төмендетуге болады. Бұл ретте жазалау шараларынан бұрын алдын алу мен түсіндіруге басымдық беру қажет.
Жалпы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек белгілі бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балаға дұрыс бағыт көрсетіп, оның мәселесіне дер кезінде көңіл бөлу, қауіпсіз орта қалыптастыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары