Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам» атты рухани-мәдени шара өтті. Алқалы жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, сөз сөйледі.
– Қадірменді зиялы қауым! Ардақты әлеумет!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім.
Бүгінгі келелі жиын – осынау бірегей бастаманы жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Кітап – ақылына ақы сұрамайтын дос. Кітап – өркениет құндылықтарын бүгінге жеткізген және де келешекке аманат ететін аса құнды қазына.
Бүгінгі жиын төрінде аға толқын зиялы қауым өкілдері отыр. Жетекші буынның ізін жалғаған жастар қатысуда.
Алдымызда отырған ата-әжелеріміз бен ағаларымыз – кітаппен тәрбиеленген буын. Өскелең ұрпақ осынау өнегелі дәстүрді жалғастыруы қажет деп есептеймін, — деді қала әкімі.
Қонақтар кітап көрмесін тамашалап, сөреге қойылған құнды еңбектермен танысты.
Ақыл-ой айнасына айналған құнды кітаптар арасында Фараби мен Ясауи кезеңінің еңбектері, мемлекеттігіміз дәуірлеген кезең мен тәуелсіздік таңында жазылған кітаптар назарға ұсынылды. Замана жаршысына айналған құнды кітаптар да сөреден орын алды.
Рухани шараның екінші кезеңі Рух сардарына арналды.
Ұлт руханиятының ұлықпаны – Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасына арналған «Өзбекәлі Жәнібек кім?» аталатын ғұмырнамалық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің қаламынан туған тың туынды таныстырылды.
Рәсімді кіріспе сөзбен ашқан Әзімбек Пазылбекұлы:
– Өзбекәлі Жәнібек – халқымыздың жоғын түгендеп, барын бағалаған, ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек еткен бірегей тұлға. Бүгінде мақтан тұтатын көптеген тарихи-мәдени мұралардың қайта жаңғыруында оның қолтаңбасы бар. Әсіресе, қасиетті Түркістанның тарихи келбетін сақтап, рухани мәртебесін арттыру бағытындағы еңбегі кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Сондықтан Түркістан жұртшылығы Өзбекәлі Жәнібек есімін әрдайым құрметпен атайды.
Құлбек Сәрсенұлының толымды еңбегі – Рух сардарының тұлғасын тани түсуге жолбасшы болатын құнды кітап деп білемін, — деді.
Қатысушылар аталған кітаптың тарихи тұлғаның тағылымды мұрасын кеңінен насихаттап, оны жас ұрпаққа танытудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Түркістан төріндегі рухани іс-шара көкжиекті кеңейткен келелі кеңес ретінде ерекшеленді.
Кітап көрмесінде әр кезеңнің тарихи және рухани мұрасын қамтыған еңбектердің ұсынылуы оқырманға ел тарихын тұтас сабақтастықта тануға мүмкіндік береді. Өткен дәуірлерден жеткен ой-тұжырымдарды қазіргі заман көзқарасымен зерделеу тарихи сананы қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген жауапкершілікті арттыра түседі.
Кітап оқу адамның білім қорын толықтырумен қатар, оның ойлау кеңістігін де өзгертеді. Әртүрлі жанрдағы шығармаларды оқу арқылы адам өзіне таныс емес мәселелермен танысып, түрлі көзқарастарды салыстыруға және дүниеге кеңірек көзқараспен қарауға үйренеді. Осы тұрғыдан алғанда, кітапты тұрақты оқу – өзін-өзі дамытудың тиімді жолдарының бірі.
Жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін әдебиетті күнделікті өмірмен байланыстыратын жаңа тәсілдерді дамыту маңызды. Авторлармен кездесулер, кітап талқылаулары, әдеби клубтар мен танымдық жобалар оқырманды белсенді әрекетке тартып, кітап мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай ортада кітап оқу жеке әдеттен қоғамдық мәдениетке айнала алады.
Түркістан қаласында тарихи тұлғалар мен ұлттық мұраға арналған еңбектердің кеңінен насихатталуы өскелең ұрпақтың туған өлкенің тарихына деген қызығушылығын арттырады. Өзбекәлі Жәнібеков секілді ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмір жолын зерттеу жас буынды еңбекқорлыққа, елжандылыққа және қоғамдық іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Білімге ұмтылған қоғамда жаңа идеялар мен жасампаз бастамаларға да кең орын беріледі. Кітаптан алынған білімді нақты іске жаратып, ғылымға, мәдениетке, технологияға және қоғамдық дамуға бағыттау – оқырмандық мәдениеттің нәтижесін еселей түсетін маңызды қадам. Ізденетін азаматтың жаңалыққа ашық болуы елдің прогрессивті дамуына серпін береді.
Осындай рухани-ағартушылық бастамалардың жалғасуы кітапты өмірлік серік еткен, білімге құштар әрі ұлттық мұраға құрметпен қарайтын азаматтар қатарын көбейтуге ықпал етеді. Кітап пен тарихты, білім мен жасампаздықты сабақтастырған орта қоғамның зияткерлік әлеуетін арттырып, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары