Бүгін «Көкжайлау» тұрғын үй кешенінің ауласында «Қауіпсіз балалық шақ аумағы: Ашық терезеден сақ болыңыз, суда абай болыңыз, отпен ойнамаңыз!» атты ауқымды профилактикалық акция өтті.
Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары балалар мен ата-аналарға тұрмыстағы, су айдындарындағы және өрт қауіпсіздігі қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, ашық терезеден құлаудың алдын алу мақсатында арнайы терезе макеті арқылы қауіпсіздік талаптары көрнекі түрде көрсетіліп, ата-аналарға маңызды кеңестер берілді.
Балаларға қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде сақтаудың маңыздылығы ойындар мен практикалық көрсетілімдер арқылы түсіндірілді. Мамандар балалардың назарын терезе маңында ойнамауға, суға шомылу кезінде ересектердің бақылауында болуға және отпен байланысты заттарды пайдаланбауға шақырды.
Іс-шара барысында ата-аналарға да баланың қауіпсіз ортасын қалыптастырудағы жауапкершілігі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтық шараларын алдын ала сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Осындай профилактикалық кездесулерді тұрақты өткізу тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
Акция барысында балалар белсенді қатысып, төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы пайдалы ақпарат алды. Құтқарушылардың қызметімен жақынырақ танысып, қауіптің алдын алу бойынша сұрақтарына жауап алған бүлдіршіндер үшін іс-шара әрі танымдық, әрі қызықты форматта өтті.
Мұндай профилактикалық акциялар тұрғындар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын арттыруға бағытталған. Әсіресе жазғы кезеңде балалардың бос уақытын қауіпсіз ұйымдастыру, олардың жүріп-тұруына бақылау жасау және қауіпті жағдайларға жол бермеу ата-аналар үшін маңызды міндет болып қала береді.
Акция аясында кинологиялық қызметтің мамандары қызметтік иттердің мүмкіндіктерін таныстырып, балалар төрт аяқты құтқарушылармен жақын танысты.
Шара соңында балалар қауіпсіздік ережелерін есте сақтауға арналған жадынамалар алып, құтқарушыларға қызықтырған сұрақтарын қойды. Мұндай кездесулер балалардың сақтық дағдыларын қалыптастырып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуіне септігін тигізіп, олардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыра түседі.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары