Шымкентте Абай күніне орай өтіп жатқан мәдени іс-шаралар “Шымқала” тарихи-мәдени кешенінде жалғасын тапты. Бұл жолғы “Шымқала кеші” ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтауға арналды.
Кештің шымылдығы Жастар театры өнерпаздарының орындауындағы «Қалың елім, қазағым» поэтикалық толғауымен түрілді. Сахнада ақынның ел тағдыры, халықтың болмысы мен адамдық қасиеттері жайлы терең ойлары көркем сөз арқылы өріліп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Поэзиямен басталған кеш әсем әнмен жалғасты. Сахна төріне «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары шығып, көрерменге қазақ музыкасының таңдаулы туындыларын тарту етті. Кеш бағдарламасында қазақтың сырлы әндері шырқалып, көрерменге «Көзімнің қарасы», «Оралшы махаббат», «Таң сыры», «Тәтті бақыт», «Ризамын», «Отаным», «Қазақ елі» және басқа да шығармалар ұсынылды.
Әсерлі әуен мен тағылымды поэзия астасқан кеш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Абай мұрасын өнер арқылы қайта жаңғыртты. Кеш барысында ұлы ақынның шығармашылығы кеңінен дәріптеліп, ұлттық өнердің құндылығы тағы бір мәрте айқын көрінді.
Сонымен бірге, 10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Хакім Абай» музейінде «Абай әлемі» атты ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ақынның рухани-философиялық ойларын жас ұрпаққа таныту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлы ойшылдың мол мұрасын кеңінен таныстыру.
Ашық есік күніне арнайы келген қонақтар мен делегация мүшелеріне «Хакім Абай» музейінің экспозициялары бойынша экскурсия жүргізілді. Экскурсия барысында Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы, әдеби мұрасы, қара сөздері, аудармалары, ән өнері және қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан үлесі туралы ақпарат берілді.
Келушілер музей экспозицияларындағы тарихи жәдігерлермен танысып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректерге қанықты.
Абай мұрасын дәріптейтін мұндай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың ұлттық рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ақынның өнегелі ойларын терең түсінуге жол ашады. Сондай-ақ Абай шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұлттық өнер мен әдебиеттің сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Абай мұрасы – ұлттың рухани қазынасы, кемел келешекке бастар тағылымды жол.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары