Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ШЫМКЕНТ МЕДИЦИНАСЫНДА CEREBRA ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ

ШЫМКЕНТ МЕДИЦИНАСЫНДА CEREBRA ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында инсультті ерте анықтауға арналған CEREBRA жасанды интеллект жүйесі кезең-кезеңімен медициналық ұйымдарға енгізілуде. Заманауи технология жуырда қалалық №1 клиникалық ауруханада да іске қосылды.

CEREBRA жүйесі мидың компьютерлік томографиясы (КТ) нәтижелерін автоматты түрде талдап, ишемиялық және геморрагиялық инсульттің алғашқы белгілерін анықтауда дәрігерлерге жедел көмек көрсетеді. Бұл диагностиканың дәлдігі мен жылдамдығын арттырып, науқасқа уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Инсульт кезінде әр минут маңызды. Уақтылы қойылған диагноз және емнің ерте басталуы ми жасушаларын сақтап қалуға, ауыр асқынулардың алдын алуға және науқастың өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды. Ол – дәрігердің сенімді көмекшісі. Соңғы диагнозды қою және емдеу тактикасын анықтау әрдайым білікті дәрігердің құзырында. Ал CEREBRA жүйесі күрделі клиникалық жағдайларда шешім қабылдауға қосымша қолдау көрсетіп, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін CEREBRA жасанды интеллект жүйесі қалалық №2 ауруханада енгізілген болатын. Осылайша, Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында цифрлық технологиялар жүйелі түрде енгізіліп, тұрғындарға сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейіп келеді.

CEREBRA жүйесінің медициналық ұйымдарға енгізілуі дәрігерлердің жұмыс үдерісін оңтайландыруға және шұғыл жағдайларда қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік береді. Жүйе КТ зерттеу нәтижелерін қысқа уақытта саралап, күмәнді өзгерістерді дер кезінде көрсету арқылы мамандардың назарын маңызды клиникалық белгілерге аударуға көмектеседі.

Цифрлық шешімдерді денсаулық сақтау саласына енгізу медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Әсіресе инсульт секілді уақытпен тікелей байланысты ауруларда заманауи технологияларды пайдалану диагностика мен емдеу арасындағы уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта мұндай технологияларды медициналық тәжірибеде кеңінен қолдану Шымкенттегі цифрландыру үдерісін одан әрі дамытуға жол ашады. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің кәсіби тәжірибесін заманауи құралдармен толықтырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*