Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Еуропа сахнасындағы дайындық

Еуропа сахнасындағы дайындық

Шымкенттік опера әншісі, сопрано дауыс иесі Жадыра Абдуллаева Италияда кәсіби шеберлігін шыңдап жүр. «Шымкент концерт» концерттік ұйымының солисі қала әкімдігінің қолдауымен тағылымдамаға барып, ол жақта әлемге танымал опера әншісі, профессор әрі музыкалық педагог Стефания Донзеллиден дәріс алуда.

Жас талант бұған дейін әлемге әйгілі опера майталманы, профессор Алла Симонишвилидің жоғары бағасына ие болып, қазіргі таңда Милан және Парма қалаларында вокалдық шеберлігін жетілдіріп, күзде өтетін халықаралық опера байқауына тыңғылықты дайындық жүргізуде. Ол Италиядағы дайындық барысынан фото және бейнежазбалар жолдап, шығармашылық ізденісін жалғастырып жатқанын жеткізді.

Айта кету керек, Жадыра Абдуллаева бұған дейін де халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Ол Қытайда өткен Verdi Singing Competition байқауында үздіктер қатарынан көрінсе, Жапонияның Нагасаки қаласында ұйымдастырылған Madama Butterfly VI халықаралық опера әншілері байқауында әлемнің түкпір-түкпірінен келген 300-ден астам қатысушының арасынан озып шығып, бас жүлдені жеңіп алған.

Италиядағы тағылымдама барысында Жадыра Абдуллаева вокал техникасын жетілдірумен қатар, опералық шығармаларды орындаудың еуропалық дәстүрі мен сахналық мәдениетін терең меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Тәжірибелі мамандардан тәлім алу әншінің кәсіби деңгейін көтеріп, алдағы байқауларда жаңа қырынан танылуына жол ашады.

Милан мен Парма қалаларындағы шығармашылық дайындық кезінде әнші репертуарындағы күрделі партияларды пысықтап, дауыс мүмкіндіктерін жетілдіруге басымдық беруде. Мұндай халықаралық ортада тәжірибе жинақтау жас өнерпаздың музыкалық көзқарасын кеңейтіп, кәсіби байланыстарын нығайтуға да ықпал етеді.

Шымкенттік әншінің халықаралық деңгейдегі жетістіктері қала өнерпаздарының шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Жадыраның Еуропадағы қазіргі дайындығы отандық опера өнерін халықаралық сахнада танытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып, жас таланттарға жаңа белестерге ұмтылуға үлгі бола алады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*