Жазғы демалыс — баланың бір жыл бойы жинаған білімін толықтырып, шығармашылығын дамытып, жаңа дүниелерді тануына мүмкіндік беретін ерекше кезең. Осы уақытты тиімді ұйымдастыру ата-ана мен білім және мәдениет мекемелерінің ортақ міндеті.
Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы да жазғы маусымда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған түрлі жобалар мен танымдық бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.
Кітапханада кітап оқуға баулу жұмыстары тек жаз айларында ғана емес, жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары оқырмандар саны көбейіп, балалардың кітапқа деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, «Ақерке» балалар бөлімінде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап жасөспірімдерге дейінгі оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған.
Балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханада ертегі оқу сағаттары, әдеби кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары мен танымдық ойындар ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар жас оқырмандардың қиялын дамытып қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуіне және кітап мазмұнын талдауына мүмкіндік береді.
Жазғы кезеңде кітапханаға келетін балалар үшін әр күнді пайдалы әрі қызықты өткізуге бағытталған арнайы орта қалыптасқан. Мұнда жас оқырмандар өздеріне ұнаған шығармаларды таңдап, тыныш ортада кітап оқып, қатарластарымен пікір алмасып, жаңа білім игере алады.
Кітапхананың басты мақсаты – баланы кітап оқуға мәжбүрлеу емес, оның кітаппен достасуына жағдай жасау. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде кітапхана балалар үшін білім алатын орынмен қатар, шығармашылықпен айналысып, жаңа достар табатын және уақытын пайдалы өткізетін сүйікті мекенге айналып келеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары