Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БЛОГЕРЛЕР АТА ЗАҢ ТУРАЛЫ ПІКІР АЛМАСТЫ

ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БЛОГЕРЛЕР АТА ЗАҢ ТУРАЛЫ ПІКІР АЛМАСТЫ

Шымкент қаласында Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері бас қосты. Кезекті отырыс Достық үйінде өтіп, оған қатысушылар «Ата Заң: халық таңдауы, ел болашағы» тақырыбында ойларын ортаға салды. Басқосу барысында қолданысқа енген жаңа конституцияның қоғамдағы орны, конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысы және құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі жан-жақты талқыланды.

Жиынды журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Иманқұлов жүргізді. Кездесуге клуб мүшелерімен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Махаббат Мамауджанова қатысты.

Кездесуде Ә.Иманқұлов қазіргі кезеңде журналистер мен блогерлердің қоғамдағы жауапкершілігі артып келе жатқанын атап өтті.

– Журналистер мен блогерлер – қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір. Сондықтан, Ата Заңда көзделген өзгерістерді халыққа түсінікті тілде жеткізу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы оң өзгерістерді шынайы ақпарат арқылы насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Кездесу барысында қатысушылар конституциялық өзгерістердің азаматтардың күнделікті өміріне ықпалы мен құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын талқылады. Әсіресе заңнамалық жаңалықтарды көпшілікке қарапайым әрі нақты тілде түсіндіру, ақпаратты бұрмаламай жеткізу және қоғамда жауапты ақпарат тұтыну мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, қазіргі ақпараттық кеңістікте журналистер мен блогерлердің кәсіби этикасы мен жауапкершілігі айрықша маңызға ие. Әлеуметтік желілерде тарайтын кез келген ақпараттың қоғам пікіріне әсері жоғары болғандықтан, дереккөздерді тексеру, ресми мәліметтерге сүйену және азаматтардың құқықтарына құрметпен қарау басты қағидалардың бірі болуы тиіс.

Басқосу соңында қатысушылар құқықтық тақырыптарды тұрақты түрде көтеріп, тұрғындардың заң талаптары мен конституциялық құқықтары туралы білімін арттыруға бағытталған ақпараттық жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Мұндай пікір алмасулар кәсіби қауымдастықтың өзара тәжірибе бөлісуіне және қоғамдағы маңызды мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*