Шымкент қаласы жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының артуы нәтижесінде медициналық туризмді дамыту бағытында еліміздің жетекші орталықтарының біріне айналып келеді. Бүгінде қаладағы көпбейінді ауруханалар мен мамандандырылған медициналық орталықтар шетелдік азаматтарға күрделі операциялар жасап, халықаралық деңгейдегі диагностикалық және емдеу қызметтерін ұсынып отыр.
Биыл қалалық №2 ауруханасында 46 шетел азаматына жоғары технологиялық операциялар жасалды. Ем іздеп келгендердің басым бөлігі күрделі нейрохирургиялық оталарға жүгінген. Жетекші ауруханаларда Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей және өзге де мемлекеттерден келген науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Барлық операциялар ерекше күрделі санатқа жатқызылып, тәжірибелі дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында сәтті аяқталған.
– Шетелдік азаматтардың Шымкентті таңдауының басты себептерінің бірі – жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі. Көптеген күрделі операциялардың құны шетелдік клиникалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болғанымен, медициналық қызмет көрсету халықаралық талаптарға сай жүзеге асырылады, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басщысы Қайрат Қалибеков.
Қалада медициналық туризмнің дамуына заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған медициналық ұйымдар мен білікті мамандардың болуы да ықпал етуде. Күрделі диагноздар бойынша кеңес беру, заманауи диагностикалық әдістерді қолдану және операциядан кейінгі бақылау қызметтері шетелдік пациенттерге кешенді медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Шымкенттің медициналық әлеуетінің артуы отандық медицина мамандарының тәжірибесін халықаралық деңгейде танытуға да жол ашып отыр. Шетелден келетін науқастардың көбеюі жергілікті клиникалардың кәсіби мүмкіндіктеріне деген сенімнің қалыптасқанын көрсетіп, медициналық қызмет сапасын одан әрі жетілдіруге ынталандырады.
Алдағы уақытта медициналық туризмді дамыту үшін жоғары технологиялық көмектің түрлерін кеңейту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл Шымкенттің өңірдегі медициналық қызмет көрсету орталығы ретіндегі беделін нығайтуға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары