Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада аса күрделі жарақат алған науқасқа жоғары технологиялық ота сәтті жасалып шықты. Жол-көлік оқиғасына түсіп, көптеген жарақат алған науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген.
Оған шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, травматолог-ортопед дәрігерлер бірнеше кезеңнен тұратын күрделі емдеу тактикасын жүргізді. Алғашқы кезеңде науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдайларды тұрақтандыру мақсатында жамбас сүйегі мен оң жақ сан сүйегіне сыртқы фиксация аппараты (АНФ) орнатылды.
Жалпы жағдайы тұрақтанғаннан кейін екінші кезеңде сыртқы фиксация аппараты алынып, бір мезгілде жамбас пен сан сүйектеріне күрделі реконструктивті операция жасалды.
Операция барысында жамбас сүйектері арнайы реконструктивті пластиналар мен бұрандалардың көмегімен анатомиялық қалпына келтірілді, сан сүйегіне интрамедуллярлық остеосинтез орындалды.
Мұндай операциялар жоғары кәсіби шеберлікті, тәжірибені және хирургиялық бригаданың үйлесімді жұмысын талап етеді. Қалалық №1 клиникалық аурухана мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде науқастың аяқ-қолының тірек қызметі қалпына келтіріліп, сүйектердің дұрыс бітуіне барлық жағдай жасалды.
Науқастың емделу барысында дәрігерлер оның жалпы жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, операциядан кейінгі кезеңге ерекше көңіл бөлді. Күрделі жарақаттан кейін ағзаның қалпына келуі ұзақ уақытты қажет ететіндіктен, оңалту шаралары да емдеу үдерісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Оңалту кезеңінде науқасқа қозғалыс белсенділігін біртіндеп қалпына келтіруге, бұлшықет күшін арттыруға және күнделікті өмірге қайта бейімделуге бағытталған медициналық көмек көрсетіледі. Бұл шаралар операция нәтижесін сақтауға және тірек-қимыл жүйесінің қызметін барынша қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі жарақаттар кезінде медициналық көмекті мүмкіндігінше ерте көрсету ерекше маңызды. Диагностиканың жедел жүргізілуі мен емдеу тактикасының кезең-кезеңімен ұйымдастырылуы асқыну қаупін азайтып, пациенттің өмірін сақтап қалуға және кейінгі оңалту нәтижесін жақсартуға ықпал етеді.
Жоғары технологиялық операциялардың жергілікті медициналық ұйымдарда жасалуы қала тұрғындары үшін күрделі ем түрлерін өз қаласында алуға мүмкіндік береді. Бұл Шымкенттің медициналық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетіп, заманауи емдеу әдістерін тәжірибеге енгізудің маңызын айқындайды.
Қазіргі таңда науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылып, оңалту кезеңін бастап кетті.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары