Шымкент қалалық диагностикалық орталық ғимараты заманауи талаптарға сай болып, қайта жаңарады. Ғимаратты кеңейте отырып реконструкциялау ақпан айында басталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысының жартысынан астамы орындалған.
Барлық жұмыс аяқталған соң төрт қабатты ғимарат бір жұмыс ауысымында 950 адамды қабылдай алады.
Бірінші қабатында эпидемиолог, жұқпалы аурулар дәрігерлері, бас дәрігердің орынбасарының кабинеттері, қызметкерлерге арналған буфет, санитарлық және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
Екінші қабатта балаларға қызмет көрсететін бейінді мамандардың кабинеттері орналастырылған (балалар жұқпалы аурулар дәрігері, невропатолог, кардиоревматолог, гастроэнтеролог, педиатр) орналасқан. Сондай-ақ, бұл қабатта Ана мен бала бөлмесі және санитарлық-тұрмыстық бөлмелер бар.
Үшінші қабатында диагностикалық кабинеттер – ультрадыбыстық зерттеу кабинеті және педиатр кабинеті, ординаторлық бөлме, қосалқы және қызметтік бөлмелер орналасқан.
Төртінші қабатта кеңесші дәрігерлердің кабинеттері, қосалқы және қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Жаңғыртылған орталықта тұрғындарға диагностикалық және консультациялық қызметтерді бір ғимараттың ішінде алуға қолайлы жағдай жасалады. Қабаттар бойынша кабинеттердің функционалды орналасуы мамандардың жұмысын тиімді ұйымдастырып, пациенттер ағынын реттеуге мүмкіндік береді.
Реконструкция барысында санитарлық талаптар мен пациенттердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Заманауи инженерлік жүйелерді енгізу және медициналық кабинеттерді қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру диагностикалық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Орталықтың өткізу қабілетінің артуы қала тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтеді. Әсіресе балаларға арналған бейінді мамандар кабинеттерінің қарастырылуы кішкентай пациенттерге қажетті кеңес пен тексеруден уақытылы өтуге мүмкіндік береді.
Жобаның толық іске қосылуы диагностикалық орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңартып қана қоймай, медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Ғимаратты реконструкциялау барысында барлық медициналық кабинет заманауи медициналық жабдықтармен және отандық өндірістің жиһаздарымен қамтамасыз етіледі.
Нысандағы жұмысты қазан айында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары