Жаз мезгілінде ауа температурасының көтерілуі мен демалыс маусымының басталуына байланысты тағам қауіпсіздігі мен жеке гигиена талаптарын сақтау өзекті мәселеге айналады. Осыған орай тұрғындар арасында жіті ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алу бағытында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, ішек инфекциялары көбіне лас қол, сапасыз су немесе дұрыс сақталмаған тағам арқылы таралады. Сондықтан күнделікті өмірде қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау – денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы. Әсіресе тамақ ішер алдында, көшеден келгеннен кейін және бала күтімі кезінде қолды мұқият жуу, жеміс-жидектерді жақсылап тазалау, қауіпсіз ауыз суды пайдалану және тағам өнімдерін сақтау талаптарын сақтау маңызды.
Жаз мезгілінде тұрғындарға рұқсат етілген орындарда ғана суға шомылу, көшеде беймәлім орындардан дайын тағам сатып алмау және тез бұзылатын азық-түлікті салқын жерде сақтау ұсынылады. Ал аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дер кезінде медицина мамандарының көмегіне жүгіну қажет.
Тұрғындардың санитариялық мәдениетін арттыру мақсатында өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Семинарлар, дәрістер, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі түсіндіру материалдары арқылы тұрғындарға тағам қауіпсіздігі мен жұқпалы аурулардың алдын алу жөнінде жан-жақты ақпарат берілуде. Бұл жұмыстар халықтың денсаулығын сақтауға және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Балаларға қолды дұрыс жуу, тек таза су ішу және жуылмаған жеміс-жидек пен күмәнді тағамдарды тұтынбау сияқты қарапайым ережелерді түсіндіру маңызды. Ата-аналар да балалардың тамақтану тәртібі мен өнімдердің сақталу жағдайын бақылауда ұстағаны жөн.
Тағам өнімдерін сатып алу кезінде олардың жарамдылық мерзіміне, қаптамасының бүтіндігіне және сақтау жағдайына назар аудару ұсынылады. Әсіресе ыстық күндері ет, сүт өнімдері, дайын салаттар мен кондитерлік өнімдер сияқты тез бұзылатын тағамдарды белгіленген температуралық режимде сақтау қажет. Осындай қарапайым сақтық шаралары ішек инфекциялары мен тағамнан улану қаупін едәуір төмендетеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары