ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан күрес федерациясының бірлескен «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында Шымкент қаласындағы №140 «Келешек» мектебінде жаңа күрес залы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, белгілі спортшылар мен бапкерлер қатысып, жақсы бастамаға куә болды.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамыту, күрес түрлерін кеңінен насихаттау, балалардың спортқа қызығушылығын арттыру және еліміздің намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жағдай жасау.
Шымкент қаласының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бастамасымен мектеп лигасы бағдарламасы осылайша қалада алғаш рет №140 «Келешек» мектебінен бастау алды.
Күрес федерациясының президенті Еркін Қадырғалиұлы бұл жоба күрес түрлерін дамыту мақсатында қолға алынғанын атап өтті. Алдағы уақытта мектептер арасында жарыс ұйымдастырылып, олардың арасынан болашақ Әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері шығатынына сенім білдірді.
Сәрсен Абайұлы да жаңа бастамаға сәттілік тілеп, қанымызда бар күрес түрлерін дамытуды осындай жобалар көптеп қажет екенін, балалар күресін дамытуға барлық қажетті жағдайлар жасалатынын айтты.
Жаңа зал заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың жаттығуына қолайлы жағдай жасалды. Мұнда жас спортшылар тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен күрестің негізгі әдіс-тәсілдерін меңгеріп, дене дайындығын жетілдіруге мүмкіндік алады.
Алдағы уақытта залда тұрақты жаттығу сабақтарымен қатар, мектепішілік және қалалық деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарлануда. Бұл бастама оқушылардың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, оларды тәртіпке, табандылыққа және салауатты өмір салтына баулуға ықпал етеді.
Жаңа күрес залы жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, олардың болашақта жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл жоба Шымкентте балалар спортын дамытуға және салауатты ұрпақ тәрбиелеуге жаңа серпін бермек.
Айта кетсек, қазіргі уақытта шаһарда балалар күресі қарқынды дамып келеді. Мектеп оқушылары арасында күрес лигалары, көптеген сайыстар өтіп жатқаны мәлім. Ендігі ретте жаңа күрес залы да балалар арасында күрес түрлерін дамытуға зор серпін бермек.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары