Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ШЫМКЕНТТЕ ВОЛОНТЕРЛІК ҰЙЫМДАР КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАЗҒЫ МЕКТЕП ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ВОЛОНТЕРЛІК ҰЙЫМДАР КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАЗҒЫ МЕКТЕП ӨТТІ

Шаһардағы волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған жазғы мектеп іс-шарасы биыл да жалғасын тапты. 2026 жыл – Халықаралық волонтерлер жылы аясында «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған екі күндік жазғы лагері Біркөлік елді мекенінің «Красные скалы» демалыс аймағында өтті.

Дәстүрлі жазғы мектептің мақсаты – волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларының кәсіби және тұлғалық әлеуетін арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шарада қаланың 9 жоғары оқу орнының 100-ге жуық белсенді жасы, волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары мен қоғам белсенділері бас қосты.
Алғашқы күні қатысушыларға арнайы дайындалған имидждік өнімдер – худи, бейсболка, сөмке, блокнот және қаламсаптар табысталып, олар түстер бойынша командаларға бөлінді.
Бағдарлама аясында қатысушыларға тәжірибелі спикерлердің қатысуымен мазмұнды семинарлар ұйымдастырылды.
Теориялық біліммен қатар, қатысушылар арасында командалық рухты қалыптастыру мақсатында ұлттық ойындар өткізілді. Жастар садақ ату, асық ату, ләңгі тебу және арқан тарту бойынша өзара бақ сынасып, ұйымшылдық пен белсенділіктерін көрсетті.
Сондай-ақ, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов жастармен емен-жарқын сұхбат құрып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов белсенділік танытқан қатысушыларды қала әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапаттады.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кешкі уақытта еркін форматтағы кездесуге қатысып, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастар саясаты және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелері бойынша ашық пікір алмасты. Сәрсен Абайұлы жастарға қазіргі уақытта білімді болудың, көшбасшылық қасиеттерін дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.
Кешкі бағдарлама аясында қатысушыларға арнайы концерт ұйымдастырылды.
Іс-шараның алғашқы күні «Достық алауын» жағу рәсімімен қорытындыланды. Алау басында қатысушылар домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен ән шырқап, өзара пікір алмасып, бірлік пен достықтың ерекше атмосферасын сезінді.

Жазғы мектептің екінші күнінде “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында жастар таулы аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, экологиялық акцияға өз үлестерін қосты.
Жазғы мектеп алдағы уақытта да волонтерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа бастамаларды қолдауға және жастардың азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған өз жұмысын жалғастырады.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*