Шымкент қаласында педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылған «Сапалы білім» жобасы аясында 13 мыңнан астам мұғалім қатысқан «Білім беру шебері» байқауы өткізілді. Нәтижесінде үздік шыққан 10 педагогке бір жыл бойы ай сайын 200 мың теңгеге дейін қосымша сыйақы тағайындалды.
Балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру жүйесінде бүгінде 112 мыңнан астам оқушы түрлі үйірмелермен қамтылған. Сонымен бірге жазғы демалыс кезеңінде «Kitap Camp», «PROF START» және «EduCampShym» жобаларына 224 мыңнан астам оқушы қатысты. Әлеуметтік осал санаттағы балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру үшін биыл алғаш рет «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі енгізіліп, жолдамаларды бөлу үдерісі толық цифрландырылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 37 колледжде 49 мыңнан астам студент білім алды. Дуальды оқыту жүйесі арқылы 10 мыңнан астам студент тәжірибелік даярлықтан өтті. Ал жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 6 мың грант бөлініп, құжат қабылдау науқаны басталды.
Қаладағы білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Биыл бірқатар мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустары пайдалануға беріліп, тағы бірнеше білім беру нысанының құрылысы жалғасуда.
Білім беру жүйесін цифрландыру бағытындағы «AIQYN» және «Qarqyn» жобалары нақты нәтижелер көрсетті. Бейнеаналитика арқылы қауіпсіздік пен оқу процесіне тұрақты мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар цифрлық талдау нәтижесінде қаржыландыру, контингент және мемлекеттік тапсырыс бағытындағы бірқатар сәйкессіздіктер анықталып, оларды түзету жұмыстары қолға алынды.
Шымкент қаласының білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, білім беру ұйымдарының тиімділігін күшейтуге және жаңа оқу жылын жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, педагогтердің біліктілігін арттыру және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы кешенді шаралар оқу процесінің сапасын арттырып қана қоймай, әр баланың қабілетін ашуға және заманауи білім алуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары