Шымкент қаласында 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары барлық бағыт бойынша жоспарлы түрде жүргізілуде. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушыларды әлеуметтік қолдау, жаңа оқу жылына қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.
Қаладағы барлық мектептерде бірінші сыныпқа құжат қабылдау 18 маусым мен 31 тамыз аралығында жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 16 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған. Мектепалды даярлық тобын өз мектебінде аяқтаған балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылдануда.
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы әрбір оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін 51 мың теңге көлемінде қаржылай көмек беру жоспарланған. Бұл мақсатқа жалпы 3,4 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қаржылай көмек мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балаларына, сондай-ақ арнайы комиссия айқындайтын өзге де санаттағы оқушыларға беріледі.
Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл жеті білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алдағы жылы тағы сегіз мектеп пен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, өткен оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға беріліп, бірнеше мектепте қосымша оқу корпустарының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта тағы бес мектептің қосымша ғимараттарының құрылысы жүргізілуде.
Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мектептерде бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеуі, кіріп-шығуды бақылау, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және санитарлық жағдайдың талапқа сай болуы бойынша тиісті дайындық шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқу процесіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар педагогтердің жаңа оқу жылына дайындығы, оқу кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар пысықталуда. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар мектептердің жаңа оқу жылын жүйелі бастап, оқушыларға сапалы білім алуға қажетті жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары