Шымкент қаласының білім басқармасы 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру бағыттарына басымдық беруде. Жаңа оқу жылын сапалы ұйымдастыру мақсатында мектептердің дайындығы, оқушыларды әлеуметтік қолдау, цифрлық технологияларды енгізу және мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытындағы жұмыстар да қарқын алды. «AIQYN» жобасы аясында енгізілген биометриялық бақылау жүйесі бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берсе, бейнеаналитика арқылы мектептердегі қауіпсіздік пен сабақ сапасына тұрақты бақылау жүргізілуде. Онлайн мониторинг барысында жүздеген сабақ талданып, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетілді.
«Qarqyn» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы білім беру жүйесінің 12 негізгі бағыты толық цифрландырылды. Атап айтқанда, мектептердегі қауіпсіздік, биометриялық бақылау, тамақтануды ұйымдастыру, сабақ сапасын мониторингілеу, бухгалтерлік есеп, еңбекақы төлеу, мемлекеттік қызметтер, мемлекеттік білім беру тапсырысы және балалар контингентін басқару процестері автоматтандырылды. Жүйе жүргізген талдау нәтижесінде қаржыландырудағы, оқу жүктемелеріндегі және контингент деректеріндегі сәйкессіздіктер анықталып, оларды реттеу жұмыстары қолға алынды.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да жұмыстар жалғасуда. Мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылып, жекеменшік балабақшаларда жаңа орындар ашылуда. Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарға жолдамалар беру «Balabaqsha» ақпараттық жүйесі арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Шымкент қаласының білім беру саласында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстардың барлығы жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастауға, сапалы білім беру қызметін қамтамасыз етуге және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселесіне басымдық берілуде. Заманауи платформалар арқылы оқу процесін бақылау, білім алушылардың үлгерімін саралау және педагогтердің жұмысын жүйелеу мүмкіндігі кеңейіп, басқарушылық шешімдердің деректер негізінде қабылдануына жағдай жасалуда.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары