«10 тамыз – Абай күні» аясында Шымсити паркінде «Адамзаттың перзенті – Ұлы Абай» атты концерттік кеш өтті. Шымкент қаласының өнер ұжымдары мен танымал орындаушылары қала тұрғындары мен қонақтарына Абайдың халық сүйіп тыңдайтын музыкалық туындыларын шырқап, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынды.
Іс-шараның мақсаты — хакімнің шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны, әндерін сүйіп тыңдайтын қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, театр құндылықтарын көрсете отырып көрермендер қатарын арттыру.
Кеш барысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан әндер орындалды.
Атап айтқанда, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ дарама театрының әртістері «Абай ауылы» прологын көркем түрде көрсетіп, “Шымкент концерт” концерттік ұйымы және Шымкент қалалық опера және балет театрының әншілерінің орындауында Л.Хамиди, А.Жұбановтың «Абай» операсынан «Тойбастар», Хор әртістерінің орындауында «Қарлығаш» және Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» т.б. әндері шырқалды.
Іс-шарада қала тұрғындар мен қонақтары хакімнің қара сөздері мен поэзиясынан қуат алып, керемет әсерге бөленді.
Абай мұрасы — өшпес қазына. Бүгін шаһарда ұлы ақын, ойшыл, Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіліп, мереке кең көлемде аталып өтті.
Абай Құнанбайұлының 181 жылдық мерейтойы – ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын кеңінен дәріптеп, оның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды кезеңі.
Абай адамды өз болмысын тануға, білім мен еңбекке ұмтылуға, ақыл мен қайратты қатар ұстауға үндеді. Оның әрбір шығармасы мен қара сөзінде елдің болашағына деген алаң, адамдық қасиетке деген биік талап жатыр.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген тағылымды сөзі бүгінгі жас ұрпаққа да бағыт-бағдар береді.
Мұндай мәдени шаралар Абай мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармаларын жаңа буынға жақындата түседі. Ұлы ақынның тағылымды ойларын дәріптеу алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың рухани дамуына оң ықпал етеді. Бұл – ұлт руханиятын дәріптейтін маңызды бастама.
Абай мұрасы – уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін ұлттық құндылық. Ұлы ақынның өнегесін дәріптеу – руханиятымызды жаңғыртып, ел болашағына қызмет ететін игі іс.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары