Шымкент қаласында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге көрсетілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау жүйесі жаңғыртылып, өтініш беру процесі толық цифрландырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік санаттарға жататын балаларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық және материалдық көмек көрсетіледі. 2026 жылы осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл шамамен 66 мың білім алушыға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін әлеуметтік санатты анықтау кезінде бірқатар тәуекелдер болған. Атап айтқанда, кей жағдайларда білім алушының әлеуметтік мәртебесі тиісті деңгейде анықталмай, талаптарға сәйкес келмейтін азаматтарға да көмек тағайындалған. Әсіресе атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларды анықтау тетігінде цифрландыру мен ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясына қатысты мәселелер болған.
Осы мәселені шешу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің жауапты қызметкерлерінің қатысуымен бірқатар жұмыс кеңестері өткізілді. Нәтижесінде мемлекеттік цифрлық ақпараттық жүйелер интеграцияланып, Ұлттық білім беру деректер қорында тиісті санатқа жататын білім алушылардың тізімі автоматты түрде қалыптастырылатын болды.
2026 жылдан бастап Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмекке өтініш беру «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Өтініштер электронды түрде қабылданып, отбасының белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Көмек тағайындау негіздері Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы қаралып, шешімдер жүйеде тіркеледі. Сонымен қатар қаражаттың аударылуы мен мақсатты пайдаланылуын бақылау мүмкіндігі қарастырылған.
11 тамыздағы жағдай бойынша жүйе арқылы 78 543 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 18 927 өтініш қаралуда, 9 612 өтініш бойынша көмек тағайындалған, ал 50 004 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім шығарылған. Бас тартулардың басым бөлігі автоматты тексеру нәтижесінде өтініш берушілердің екінші санатқа қойылатын талаптарға сәйкестігі расталмауына байланысты болып отыр.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары