Шымкентте білім алушылар мен тәрбиеленушілерге көрсетілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау тәртібі жетілдірілді. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды нақты көмекке мұқтаж балаларға бағыттап, өтініштерді қарау кезінде бірыңғай әрі автоматтандырылған тетікті қалыптастыру.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаржылық және материалдық көмек әлеуметтік жағдайы белгілі бір талаптарға сай келетін балаларға беріледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың балалары және заңнамада көзделген басқа да санаттар бар.
Шымкент қаласында бұрын көмек алушылардың санын анықтау барысында, әсіресе екінші санатқа жататын отбасыларды айқындауда бірқатар қиындықтар болған. Ақпараттық жүйелердің толық интеграцияланбауы әлеуметтік мәртебені нақты анықтауға әсер еткен. Соның нәтижесінде көмек алушылар саны да айтарлықтай өскен. Мәселен, 2024 жылы қалада 46 825 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 047-ге жеткен. Ал 2026 жылға осы мақсатта 66 мың білім алушыға көмек көрсету қарастырылған.
Білім басқармасының басшысы цифрлық механизмді енгізу мемлекеттік қолдауды тағайындау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ететінін, көмектің негізсіз берілуіне жол бермейтінін және заңнамада белгіленген талаптарға нақты сәйкес келетін отбасылардың қолдау алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Брифинг соңында Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, қаржылай және материалдық көмекті тағайындау тәртібін, мемлекеттік қолдау алушыларды анықтау талаптарын және жаңа цифрлық механизмнің жұмыс істеу ерекшеліктерін егжей-тегжей түсіндірді.
Жаңа тетіктің іске қосылуы әлеуметтік қолдау шараларын деректер негізінде тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекеттік көмекке құқығы бар балаларды анықтау үдерісі жеңілдеп, ата-аналар мен заңды өкілдер үшін де рәсімдердің түсініктілігі артады. Нәтижесінде бюджет қаражатын мақсатты пайдалану қамтамасыз етіліп, әлеуметтік қолдаудың сапасы мен тиімділігін арттыруға жағдай жасалады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары