Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАП ОТЫРҒАН «СЕНІМ ОРТАЛЫҒЫ»

ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАП ОТЫРҒАН «СЕНІМ ОРТАЛЫҒЫ»

Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Сенім орталығы» – ерекше қажеттілігі бар жандарға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беріп отырған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі.

50 орынға арналған орталықта бүгінде 18-35 жас аралығындағы психоневрологиялық ауытқуы бар, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға жартылай стационарлық негізде кешенді қызмет көрсетіледі.

Мұнда қызмет алушылардың күнделікті өмірі пайдалы әрі мазмұнды ұйымдастырылған. Олар таңғы жаттығудан кейін дефектолог, музыка және еңбек нұсқаушысының сабақтарына қатысады. Массаж және емдік дене шынықтыру жаттығулары мамандардың нұсқаулығымен жүргізіледі.

Дене шынықтыру сабақтарында әр азаматтың мүмкіндігі ескеріледі. Арбадағы қызмет алушылар шахмат ойнап, ал өздігінен жүріп-тұра алатындар үстел теннисі, доппен ойнау арқылы дене белсенділігін арттырады.

Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық, еңбекке баулу, мәдени және оңалту бағыттары бойынша қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, қызмет алушылар күніне төрт мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Орталық мамандары қызмет алушылардың әлеуетін ескеріп, оларды түрлі шығармашылық және әлеуметтік бағыттарға тартуға да көңіл бөледі. Сабақтар барысында азаматтардың қызығушылығы мен жеке мүмкіндіктері анықталып, өз қабілетін еркін көрсетуіне қолайлы орта қалыптастырылады. Бұл олардың ортаға бейімделуіне және өз жетістігін сезінуіне оң әсер етеді.

Мұнда ата-аналармен және жақын туыстармен кері байланыс орнатуға да ерекше мән беріледі. Себебі қызмет алушының жағдайындағы өзгерістерді бақылау, оның қажеттіліктерін дер кезінде анықтау және қолдау шараларын тиімді ұйымдастыру мамандар мен отбасы арасындағы өзара түсіністікке тікелей байланысты. Бірлескен жұмыс оңалту үдерісінің нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ең бастысы – орталықтағы әр қызмет алушыға жеке қолдау көрсетіліп, оның қабілетін дамытуға және өзіне деген сенімін арттыруға басымдық беріледі. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар азаматтың көңіл-күйі мен белсенділігінде оң өзгерістер байқалып, олардың ата-аналары мен жақындары орталық мамандарына ризашылықтарын білдіруде.

«Сенім орталығының» басты мақсаты – ерекше жандарға тек қызмет көрсету емес, олардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуетін ашуға және қоғамдағы белсенділігін арттыруға жағдай жасау.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*