Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласының Қаратау ауданында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы мәлімдеді.

Қаратау ауданының аумағы 19,5 мың гектарды құрайды. Мұнда 340 мыңнан астам тұрғын тұрады. Аудан құрамында 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 668 көпқабатты үй бар. Сонымен қатар, аумақта 281 әлеуметтік нысан мен 37 демалыс орны орналасқан. Биыл ауданның негізгі басым бағыттарының бірі – инфрақұрылымды дамыту. Қазіргі таңда жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауданның ауыз сумен қамтылу көрсеткіші бүгінде 99 пайызға жеткен. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-не тиесілі ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Ал Шапырашты тұрғын алабындағы ауыз су жүйелерін коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Таскен, Сайрам тұрғын алаптарының және Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары қолға алынған.

Электр энергиясымен қамту деңгейі 99 пайызды құрайды. Сайрам тұрғын алабындағы тозған электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілсе, Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумағына электр желісін тарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарында 12,3 шақырым электр желісін ауыстыру және 7 трансформатор орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта 9 шақырым желі жаңартылып, 6 трансформатор орнатылған.

Ауданда жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау және елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер етпек.

Инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы аудан аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.

Сонымен қатар, ауданда абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркін жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*