Шымкент қаласының Қаратау ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауданда 668 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 541-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Осы үйлердің жылу жүйелерін алдағы маусымға дайындау мақсатында сығымдау жұмыстары жүргізіліп, белгіленген мерзімге дейін аяқталды. Сонымен қатар, Нұрсәт және Астана шағынаудандарындағы тозығы жеткен орталық жылу құбырларын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Жөндеу 8 нысанда, жалпы ұзындығы 4,9 шақырымнан астам құбырды қамтиды. Аудандағы 281 әлеуметтік нысанның да сығымдау жұмыстары толық аяқталған.
Коммуналдық инфрақұрылыммен қатар, кәріз жүйесін дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауданның кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 46 пайызды құрайды. Мирас-1 және Мирас-2 шағынаудандарында орталық кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 896 көшенің жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайды. Биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланып, оның 48-інде жұмыстар аяқталған. Сонымен бірге 8 елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым аяқжол салу көзделсе, қазіргі уақытта 22,5 шақырым тротуар пайдалануға берілді. Жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда 22 ирригациялық нысан салу жоспарланып, оның 14-і аяқталған.
Ауданның қоғамдық кеңістіктерін дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Халық қатысатын бюджет жобасы аясында биыл 49 жоба қарастырылып, оның 30-ы аяқталған. Балаларға арналған 26 ойын алаңын салу жоспарланып, 17 нысан пайдалануға дайын. Сондай-ақ 5 спорт алаңын салу көзделіп, оның біреуі аяқталған.
Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары аясында аудан аумағында қосымша 10 гүлзар салу жоспарланған. Бүгінде оның 5-еуі аяқталды. Бұдан бөлек, 8 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жарықтандыру жұмыстары толық жүзеге асырылған. Көпқабатты үйлердің қасбеттеріне мурал салу бойынша жоспарланған 3 500 шаршы метр жұмыстың 3 000 шаршы метрі аяқталған.
Аталған жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының күнделікті тұрмысын жақсартып, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жобалар кезең-кезеңімен жалғасын табады. Бұл жұмыстар Қаратау ауданындағы тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары