Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№1 стационар жағдайдағы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 18 жастан асқан, I және II топтағы мүгедектігі бар, психоневрологиялық аурулары бар 225 қызмет алушыға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Орталықта қызмет алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылып, олардың күнделікті өмірге бейімделуіне, бос уақытын тиімді өткізуіне, қабілеттерін дамытуына және белсенділігін арттыруына қажетті жағдай жасалған.
Солардың бірі – еңбек терапиясы. Орталықтың қызмет алушысы Кемпрекова Сауле Асетовна еңбек терапиясы сабақтарына белсенді қатысып, үйренуде. Сабақ барысында өз қолымен мешіттің макетін жасап, шығармашылық қабілетін дамытып келеді.
Сонымен қатар Сауле Асетовна емдік дене шынықтыру сабақтарына қатысады. Түрлі жаттығулар жасап, эстафеталық жарыстарға белсенді араласуы оның қимыл-қозғалысын жетілдіруге және көңіл-күйін көтеруге ықпал етуде.
Еңбек терапиясы мен емдік дене шынықтыру – қызмет алушылардың белсенділігін арттырып, жаңа дағдыларды қалыптастыруға және өз мүмкіндіктерін дамытуға ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.
Мұндай сабақтар қызмет алушылардың күнделікті дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, олардың шығармашылық ізденісіне жол ашады. Әрбір орындалған жұмыс адамның өз еңбегінің нәтижесін көруге және жаңа нәрсеге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Орталық мамандары әр қызмет алушының жеке қабілеті мен қызығушылығына қарай қолдау көрсетіп, сабақтарға белсенді қатысуына жағдай жасайды. Бұл ретте шағын жетістіктердің өзі қызмет алушы үшін маңызды нәтиже болып, оның өзіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары