Шымкент қаласында 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа үміткерлердің бизнес-жобаларын іріктеу жөніндегі комиссияның отырысы өтуде.
Грант берудің алғашқы легінде әлеуметтік осал санатқа жататын 435 азамат Business.enbek.kz порталына өз бизнес-жобаларын жүктеген. Қазіргі таңда үміткерлер комиссия алдында жобаларын офлайн форматта қорғап жатыр.
Комиссия отырысының барысы Еңбек мобильділігі орталығының ресми Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілуде. Трансляция эфир аяқталғаннан кейін де парақшада сақталады.
Комиссия мүшелері әрбір жобаны жеке бағалап, оның өміршеңдігіне, үміткердің таңдаған саладағы тәжірибесіне, жобаның нарықтағы сұранысына және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетіне басымдық беруде.
Биыл қайтарымсыз грант көлемі 400 АЕК-ті құрайды. Бұл — 1 730 000 теңге.
Комиссия жұмысының басты мақсаты – ұсынылған жобалардың нақты іске асу мүмкіндігін бағалап, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалануға қабілетті бастамаларды анықтау. Үміткерлер өз жобаларының ерекшелігін, қажетті құрал-жабдықтарын және алдағы даму жоспарын таныстырып, бизнес-идеяларының әлеуетін көрсетуде.
Мемлекеттік гранттың берілуі азаматтарға өз ісін бастауға немесе дамытуға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жобалардың іске қосылуы қаладағы шағын кәсіпкерліктің дамуына және қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Іріктеу нәтижесінде қолдау алған азаматтар грант қаражатын белгіленген мақсаттарға сәйкес пайдаланып, өз жобаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Бұл ретте бизнес бастамалардың тұрақты дамуы мен қаражаттың тиімді жұмсалуы маңызды талаптардың бірі болып қала береді. Грант иегерлері өз жобаларын жүзеге асыру арқылы тұрақты табыс көзін қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, грантқа көпбалалы отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар, сондай-ақ еңбек қызметіне медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар үміткер бола алады.
Грант қаражатын несие өтеуге, тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздар мен цифрлық активтерді сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге, сондай-ақ заңмен тыйым салынған қызмет түрлеріне жұмсауға жол берілмейді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары