Шымкенттің Тұран ауданында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тұран ауданы әкімдігі мен аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «БИІК» көпқабатты тұрғын үйіндегі 100-ге жуық пәтерді аралап, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау және терезелерге қауіпсіздік құралдарын орнатудың маңызын түсіндірді.
Шара барысында екі отбасына терезе блокираторлары орнатылып берілді.
Тұран аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының офицері, аға лейтенант Диас Мақұлбектің айтуынша, биыл Тұран ауданында балалардың терезеден құлауына байланысты үш жазатайым оқиға тіркелген. Осыған байланысты алдын алу және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Алайда негізгі себеп – адами фактор болып қала береді.
Осыған байланысты мамандар ата-аналардың назарын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына аударады:
— жас балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
— Терезелерге арнайы блокираторлар мен шектеуіштер орнатыңыз;
— Терезе алдына орындық, үстел, диван сияқты жиһаз қоймаңыз;
— Баланы ашық терезе жанында жалғыз қалдырмаңыз;
— Балаларға терезе алдына шығуға болмайтынын түсіндіріңіз;
— Баланың терезеге өз бетінше қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау;
— Москит торына сенбеңіз – ол баланы құлаудан қорғамайды;
— Қауіпсіздік құрылғыларының жарамдылығын үнемі тексеріңіз.
Балалардың терезеден құлауының алдын алу – ата-ананың басты міндеті!
Жаз мезгілінде терезелердің ашық тұруына байланысты балалардың терезеден құлау қаупі артады. Сондықтан бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу маңызды.
Есіңізде болсын: баланы «терезеге жақындама» деп ескерту жеткіліксіз. Ең бастысы – қауіптің алдын алатын нақты шараларды қолдану.
Сонымен бірге, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген.
Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін түсіну қажет.
Мамандар азаматтарды қырағылық танытуға және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырады.
Баланың қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі! Алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары