Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Шымкентте жедел медициналық жәрдем қызметін цифрландыруға бағытталған жаңа жүйе енгізілуде. Жоба шұғыл медициналық көмектің шақырылған орынға жету уақытын қысқартуға, азаматтарды шақырту барысы туралы жедел ақпараттандыруға және медициналық көмек көрсету процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңа жүйе аясында жедел жәрдем көлігінің қозғалысын Yandex Maps арқылы нақты уақыт режимінде бақылау, тұрғындарға көліктің болжамды келу уақытын хабарлау, «Жасыл дәліз» арқылы жедел жәрдемге қозғалыс басымдығын қамтамасыз ету және медициналық көмек көрсету барысын бейнежетон арқылы тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.
Жедел жәрдем бригадасының жолын картадан бақылауға болады.
103 қызметіне шақырту түсіп, жедел жәрдем бригадасы жолға шыққан сәттен бастап көліктің қозғалысы картада нақты уақыт режимінде көрсетіледі. Сонымен қатар, көмек шақырған азаматтың телефонына жедел жәрдемнің жолға шыққаны туралы хабарлама жіберіледі.
Тұрғындар карта арқылы бригаданың жолын бақылап, оның шақырту орнына шамамен қашан жететінін көре алады.
Жоба аясындағы негізгі үш мүмкіндік – жедел жәрдемнің қозғалысын картадан бақылау, «Жасыл дәліз» арқылы жолдағы басымдықты қамтамасыз ету және медициналық көмек көрсету процесін бейнетіркеу – барлығы бір жүйеде қарастырылған.
Осылайша, 103 нөміріне шақыру түскен сәттен бастап бригаданың сол орынға жетуі және пациентке медициналық көмек көрсетуіне дейінгі негізгі кезең цифрлық технологиялармен қамтылады.
Жобаның түпкі мақсаты – жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, азаматқа қажет көмекті мүмкіндігінше қысқа уақытта жеткізу.
Сонымен қатар, цифрлық жүйе жедел жәрдем қызметінің жұмысын талдауға және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жиналған деректер негізінде шақыртулардың орындалу барысын саралап, бригадалардың қозғалысын оңтайландыруға, туындауы мүмкін кідірістерді анықтауға және қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған шешімдер қабылданады.
Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары аясындағы денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары