Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты ШЖҚ «Қалалық диагностикалық орталық» МКК – Шымкент қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік емханаларға, сондай-ақ стационарлық медициналық ұйымдарға заманауи күрделі диагностикалық зерттеулер мен жоғары білікті мамандардың консультативтік көмегін көрсететін мамандандырылған амбулаториялық медициналық ұйым.
Орталықта 600-ге жуық зертханалық-аспаптық зерттеу түрі жүргізіліп, 42 медициналық мамандық бойынша консультативтік көмек көрсетіледі.
Орталық базасында бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары үшін зертханалық, эндоскопиялық, радиологиялық диагностика және пренаталдық ультрадыбыстық скрининг орталықтары жұмыс істейді.
Зертхана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған медициналық форумда «Қазақстандағы ең үздік зертхана» атағына ие болды.
Эндоскопиялық диагностика орталығы соңғы бес жылда бюджет қаражаты есебінен жоғары технологиялық бейнеэндоскопиялық жүйелермен толық жарақтандырылып, тұрғындарға сапалы эндоскопиялық диагностиканың қолжетімділігі қамтамасыз етілді.
Пренаталдық ультрадыбыстық скрининг орталығы жүктіліктің ІІ және ІІІ триместрлерінде сапалы зерттеу жүргізуді қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда білікті мамандар фетальды эхокардиографияны, соноэластографияны, ұрықтың МРТ-сын, виртуалдық колоноскопияны және инвазивті емдеу-диагностикалық әдістерді іс жүзінде меңгеріп, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарын жоғары технологиялық заманауи емдеу-диагностикалық қызметтермен қамтамасыз етіп отыр.
2025–2026 жылдары жасанды интеллект қолданылатын цифрлық рентген аппараты іске қосылып, бір рет сканерлеу арқылы науқастың бүкіл сүйек-бұлшықет жүйесін зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Аталған зерттеу Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында алғаш рет енгізілді.
Орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары диагностиканың дәлдігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Заманауи жабдықтардың қолданысқа енгізілуі күрделі зерттеулерді қысқа мерзімде жүргізіп, пациенттерге қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, орталық мамандары заманауи диагностиканың жаңа әдістерін меңгеріп, кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып келеді. Бұл күрделі клиникалық жағдайларды анықтау мен нақты диагноз қою сапасын жақсартуға ықпал етеді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары