Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » «Машат Арасан» лагері балаларды жаңа маусымға қабылдады

«Машат Арасан» лагері балаларды жаңа маусымға қабылдады

Шымкентте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мүмкіндігі кеңейіп келеді. Қала меншігіне өткен «Машат Арасан» балалар лагері 15 тамыздан бастап алғашқы он күндік ауысымға 281 баланы қабылдады.

Лагерьде әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан 7-16 жас аралығындағы балалар тегін демалып жатыр. Балалардың лагерьдегі шығыны толықтай қала бюджетінен қаржыландырылады.

Машат шатқалында орналасқан лагерь аумағында спорттық және шығармашылық демалысқа қажетті жағдай жасалған. Балалар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат және дойбы үйірмелеріне қатысып, КВН, викторина және түрлі отрядтық іс-шараларға белсенді араласуда.

Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін ауысымда тәжірибелі тәрбиешілер, жетекшілер және спорт мамандары жұмыс істейді. Сондай-ақ балаларға күніне бес мезгіл тамақ беріледі.

Жазғы кезеңде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі және балалардың шығармашылық дамуы, олардың рухани әлемі мен интеллектісін байыту үшін мүмкіндік болып табылады.

Балалардың демалуы мен сауығуы-бұл балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, олардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды, балалардың дене шынықтырумен, спортпен және туризммен айналысуын, салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруды, санитариялық-гигиеналық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындай отырып, олардың тамақтану режимі мен қолайлы ортада өмір сүруін сақтауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені.

Балалар күндіз болатын жазғы сауықтыру лагері жазғы каникул кезінде балалар мен жасөспірімдерде сауықтыру, демалу және каникул уақытын ұтымды пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасау, салауатты өмір салтының жалпы мәдениеті мен дағдыларын қалыптастыру; балалардың денсаулығын, шығармашылық еңбегін нығайту, олардың қабілеттерін іске асыру үшін барынша жағдайлар жасау мақсатында ұйымдастырылады.

Алдағы уақытта лагерь жұмысының кеңеюі қаладағы балалардың сапалы демалысын ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік бермек. Ауысымдар санының артуы әлеуметтік санаттағы балаларды қамту аясын кеңейтіп, олардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне жол ашады.

Алғашқы ауысым 25 тамызда аяқталады. Ал келесі жылдан бастап лагерьде сегіз ауысымға дейін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жайлы коттедждердің болуы алдағы уақытта балалар лагерінің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*