Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Шымкентте педагогтер жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін талқылады

Шымкентте педагогтер жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін талқылады

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары мен педагогтері бас қосқан тамыз педагогикалық конференциясы өтті.

Қалалық білім басқармасы ұйымдастырған жиын жол көлік колледжінде өтіп, оған 200-ге жуық педагог қатысты. Конференцияның негізгі тақырыбы – «Адами капиталды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің стратегиялық негізі».

Жиын барысында оқыту әдістемесін жетілдіру, инновациялық шешімдерді енгізу, әдістемелік жұмыстағы өзгерістерге бейімделу және заманауи білім беру тәсілдерін қолдану мәселелері талқыланды.

Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзина Уәлиханованың айтуынша, конференция педагогтер үшін тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелермен танысуға мүмкіндік береді.

Педагогтер білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын да атап өтті. Мамандардың пікірінше, заманауи технологиялар білім алушылардың шығармашылығын алмастырмай, керісінше, техникалық және күнделікті жұмыстарды жеңілдетуге бағытталуы тиіс.

Конференция аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласының алдында тұрған негізгі міндеттер мен жаңа оқу жылына қойылатын басымдықтар сараланды. Педагогтер білім алушылардың кәсіби дағдыларын қалыптастырумен қатар, еңбек нарығының қазіргі талаптарына бейімделген құзыреттерді дамыту қажеттігін атап өтті.

Басқосу барысында педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, озық тәжірибелерді оқу үдерісіне енгізу және білім сапасын арттыру бағыттарына ерекше мән берілді. Бұл ретте әріптестер арасында тәжірибе алмасу білім беру жүйесіндегі тиімді тәсілдерді кеңінен қолдануға мүмкіндік беретіні айтылды.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысына өндіріс орындарымен және жұмыс берушілермен байланысты нығайту да маңызды бағыт ретінде қарастырылды. Мұндай әріптестік студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандардың кәсіби ортаға ертерек бейімделуіне жол ашады.

Жаңа оқу жылында педагогтер білім алушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырып, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ. Конференцияда көтерілген ұсыныстар мен тәжірибелер осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жетілдіруге негіз болмақ.

Жиын барысында оқу жылындағы жұмыстар қорытындыланып, белсенді педагогтердің еңбегі атап өтілді. Шымкент музыкалық колледжінің музыкалық жетекшісі Айнұр Баймаханова қалалық іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*