Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары жүруде

Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары жүруде

Бүгін Еңбекші ауданының коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері аудан әкімдігі мен Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің мамандары бірлесіп, Жұлдыз елді мекенінің сыртындағы рұқсатсыз қоқыс үйіндісін жою үшін арнайы аумаққа барды.

Қоқыс орнын тек қол күшімен тазалау мүмкін болмағандықтан, жұмысқа онға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, экскаватор-тиегіштер, «Hovo» маркалы ауыр жүк көліктері және шаңды басуға арналған су себетін көлік тартылды.

Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қала аумағындағы рұқсатсыз қоқыс орындарын анықтау мақсатында мониторинг және рейдтік іс-шаралар жүргізген.

«Нәтижесінде қала аумағында 20 заңсыз қоқыс орны анықталды. Оның ішінде Абай ауданында – 5, Әл-Фараби ауданында – 2, Еңбекші ауданында – 11 және Тұран ауданында 2 қоқыс орны тіркелді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында аталған қоқыс орындарының барлығы жойылып, аумақтарға санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді», – деді Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтилеуов атқарылған жұмыстар туралы.

Жауапты мамандардың айтуынша, заңсыз қоқыс орындарын жоюмен қатар, тазартылған аумақтардың қайта ластануына жол бермеу де маңызды. Осыған байланысты елді мекен тұрғындарына тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығарып, қоршаған орта тазалығын сақтаудың қажеттілігі түсіндірілуде.

Жұлдыз елді мекенінің сыртындағы заңсыз қоқыс орнын тазалап, аумақты ретке келтіру үшін ауыр жүк көліктері 20-дан астам рейс жасап, коммуналдық кәсіпорынның жиырмаға жуық қызметкері жұмыс атқарды.

Тазалық жұмыстары барысында жиналған қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға басымдық берілді. Бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, жауапты қызметтердің мамандары рұқсатсыз қоқыс тастау фактілерін болдырмау мақсатында бақылау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырмақ. Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу үшін проблемалық аумақтар назарда ұсталады.

Қала тазалығын сақтау – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарап, қоқысты белгіленбеген жерлерге тастамауға және тазалық талаптарын сақтауға шақырамыз.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*