Ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметтің негізгі бағыттарының бірі — отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақтылы қолдау көрсету және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осы бағыттағы жұмыстардың аясында профилактикалық іс-шаралармен қатар, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға нақты көмек көрсетуге де ерекше мән беріледі.
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлерінің бастамасымен және Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қолдауымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтары мен мектеп сөмкелері табысталды.
Іс-шараның басты мәні — отбасыларға қолдау көрсету, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау.
Әр баланың болашағы — баршамызға ортақ жауапкершілік.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторлары мен Отбасын қолдау орталығының мамандары бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырды.
Профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – отбасындағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесу барысында отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы түсіндіріліп, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдай туындаған кезде тиісті мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігі айтылды.
Осындай бірлескен профилактикалық және әлеуметтік қолдау шаралары отбасылардың әл-ауқатын арттыруға, балалардың құқықтарын қорғауға және қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қамқорлық пен қолдау — қауіпсіз әрі берік отбасының маңызды негізі.
Сонымен қатар, мамандар отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік және құқықтық қолдаудың қолжетімді тетіктері туралы ақпарат беріп, ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет түрлерін түсіндірді. Қажет болған жағдайда отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету бойынша тиісті мамандардың қолдауы ұйымдастырылатыны атап өтілді.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 26–31 тамыз күндері аралығында қалада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары