Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Отбасы құндылығы – қоғам тұрақтылығының негізі

Отбасы құндылығы – қоғам тұрақтылығының негізі

Қоғамдағы қауіпсіз және тұрақты ортаны қалыптастыру отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру бағыттарындағы кешенді жұмыстармен тығыз байланысты. Бұл ретте демографиялық саясатты тиімді жүзеге асыру, отбасы институтын қолдау және жастардың құқықтық әрі психологиялық сауаттылығын арттыру да маңызды мәнге ие.

Осы орайда, Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бірлескен әрекет – қауіпсіз орта кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Жансерік Жұман, «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері Мақсат Шегірбай мен Жаныл Спанова, Шымкент қаласы Психологиялық қолдау орталығының директоры Жанна Утесинова және тәжірибелі психолог, гештальт-терапевт Салтанат Асанова қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылау.

Дөңгелек үстел барысында жастардың психологиялық әл-ауқаты, құқықтық мәдениеті, тұлғааралық қарым-қатынас, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері жан-жақты қаралды.

Сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға қажетті психологиялық және құқықтық қолдау тетіктеріне тоқталды. Сонымен қатар қиын жағдайлардың алдын алу, қауіп-қатерді ерте анықтау және тиісті мамандардың көмегіне жүгіну бойынша маңызды ұсыныстар айтылды.

Отбасылық құндылықтарды нығайту және отбасы институтын қолдау – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда отбасылық және гендерлік саясатты жүйелі түрде іске асыру, ана мен баланы қорғау, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру және олардың әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.

Кездесу қорытындысында қауіпсіз ортаны қалыптастыру мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, сала мамандары мен жастардың өзара бірлескен іс-қимылын талап ететіні атап өтілді.

Қауіпсіз қоғам – ортақ жауапкершілік пен бірлескен әрекеттің нәтижесі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*