Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс көзін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл қала бойынша 11 427 адамды бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде аталған жоспар аясында 6 663 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, межелі көрсеткіштің 61,2 пайызы орындалды.
Тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғындардың бірі – Айгерім Амангелді. Ол 2026 жылғы 12 тамызда Әл-Фараби ауданының мансап орталығы арқылы «Камея» медициналық орталығына тұрақты жұмысқа жолдама алған. Қазіргі таңда Айгерім Маратқызы осында медбике болып еңбек етіп, мамандығы бойынша қызметін жалғастыруда.
Қала тұрғындарын жұмыспен қамту шараларына кеңінен жұмылдыру мақсатында Шымкент қаласының бес ауданында мансап орталықтары жұмыс істейді. Онда тұрғындарға тұрғылықты мекенжайы бойынша қажет қызметтерді алуға мүмкіндік бар.
Атап айтқанда, Қаратау және Еңбекші аудандарының тұрғындары – Астана шағынауданы, 106 мекенжайындағы мансап орталығына, Абай және Тұран аудандарының тұрғындары – Арғынбеков көшесі, 243/3 мекенжайына, ал Әл-Фараби ауданының тұрғындары Тәуке хан даңғылы, 6 мекенжайындағы мансап орталығына жүгіне алады.
Сонымен қатар, қала тұрғындары жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар мемлекеттік шараға қатыса алады. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және зейнеталды жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы арқылы еңбек нарығына араласуға мүмкіндік бар.
Мансап орталықтары арқылы тұрғындарға жұмыс іздеу мен жұмысқа орналасудың тиімді жолдары түсіндіріліп, олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған кеңес беріледі. Бұл ретте азаматтардың білімі, мамандығы, еңбек тәжірибесі мен кәсіби дағдылары ескеріліп, өзіне сәйкес жұмыс орындарын табуына қолдау көрсетіледі.
Жұмыс берушілермен өзара байланыс та тұрақты түрде жүргізілуде. Кәсіпорындар мен ұйымдардағы бос жұмыс орындары туралы мәліметтер жинақталып, жұмыс іздеушілерге ұсынылады. Мұндай жүйелі жұмыс еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіріп, тұрғындардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.
Жұмыс іздеушілер үшін бос жұмыс орындары туралы ақпарат http://xn--nbek-u4d.kz/ порталында тұрақты жарияланып отырады. Бүгінде порталда Шымкент қаласының аумағында 4 мыңнан астам бос жұмыс орны туралы мәлімет орналастырылған. Тұрғындар порталдың мобильді қосымшасын жүктеу арқылы үйден шықпай-ақ өзіне қолайлы жұмыс орындарымен танысып, қажет ақпаратты ала алады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары