ТҮРКІСТАНДА АБАЙ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛЫП, ЖАСТАРҒА «АБАЙ ЖОЛЫ» СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ
Түркістан қаласында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Алдымен салтанатты жиынға қатысушылар ұлы ақынның рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Іс-шарада алғысөз алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиынға қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақынның қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.
– Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. 2020 жылдан бастап Абай Құнанбайұлының туған күніне орай 10 тамыз – «Абай күні» ретінде атап өтіледі. Өткен жылы ақынның 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Биылда бұл үрдіс жалғасын тауып, Абай шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралар ел аумағында кеңінен ұйымдастырылуда. Абай күні – данышпан ақынның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруын, ұлттық болмысы мен білім-парасатын айшықтайтын мереке. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай мұрасын ұлықтау – ұлтты ұйыстыратын, жас ұрпақтың санасын тәрбиелейтін маңызды құндылық екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Бұл біздің басты ұстанымыз болуға тиіс. «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Ісшара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өнер көрсетіп, Абайдың өлеңдерінен әдеби композиция ұсынды. Сондай-ақ Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әні орындалды.
Бұдан бөлек, «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге»» тақырыптық кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер мен көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері жастарға және қала тұрғындарына қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығын тарту етті.
Түркістан қаласында Абай шығармашылығын насихаттауға бағытталған мұндай бастамалар жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, қасиетті шаһарда руханият пен білімді қатар дәріптеу өскелең ұрпақтың тарихи-мәдени құндылықтарды терең түсінуіне ықпал етеді.
Қаладағы білім беру және мәдениет мекемелерінде Абайдың шығармаларын жас буын арасында кеңінен танытуға басымдық беріліп келеді. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі ой-тұжырымдарды қазіргі заманмен байланыстыра зерделеу жастарды өздігінен ізденуге, білімін жетілдіруге және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге бағыттайды.
Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесі де ұлы тұлғалардың мұрасын дәріптеуге ерекше мүмкіндік береді. Қалада ұйымдастырылатын әдеби кештер, көрмелер мен танымдық кездесулер арқылы ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің еңбектері кеңінен насихатталып, олардың өнегесі кейінгі буынға жеткізілуде.
Абай мұрасын жас ұрпаққа таныту тек белгілі бір күн аясындағы шаралармен шектелмей, тұрақты түрде жалғасатын маңызды бағыттың бірі. Бұл ретте Түркістан жастарының кітап оқуға, әдеби шығармаларды талдауға және рухани ізденіске қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызы зор.
Абай мұрасын дәріптеу барысында кітаптың тәрбиелік және танымдық мәніне де айрықша назар аударылуда. «Абай жолы» роман-эпопеясын жас оқырмандарға ұсыну арқылы қазақтың тарихы, салт-дәстүрі, елдік ойы мен адамгершілік құндылықтары кеңінен таныстырылады. Мұндай әдеби туындыларды оқу жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, өткен мен бүгінді сабақтастыра қарауына жол ашады.
Сонымен бірге, Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі білім, еңбек, адалдық, ғылымға ұмтылу секілді идеялар қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы құндылықтарды жастардың күнделікті өмірімен байланыстыра түсіндіру олардың тұлғалық дамуына, сыни ойлау қабілетін жетілдіруіне және өз болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды дәріптеу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бастамаларымен үндес мұндай шаралар рухани тәрбиенің маңызды тетігі саналады. Әдебиетке құрметпен қараған ұрпақ ел тарихын терең танып, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосуға ұмтылады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары