Түркістан қаласындағы білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау тәртібімен ауыстыру жалғасын тапты. Қаладағы «Келешек» санаторлық балабақшасы мен «Толағай» бөбекжай-бақшасының меңгерушілері өзара жұмыс орындарын ауыстырды. «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі №98 бұйрығына сәйкес, Гүлжахан Қалданқызы Ешмуханова «Толағай» бөбекжай-бақшасына, Кулимова Қарлығаш Төлебекқызы «Келешек» санаторлық балабақшасына меңгеруші болып тағайындалды. Ұжым мүшелеріне жаңа меңгерушілерді Түркістан қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлнұр Абилхасова таныстырып, алдағы қызмет жолдарында сәттілік тіледі. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшыларына қойылатын талаптарды атап, іскерлік, ұжымның ұйымшылдығы мен бақылау мен басқаруды дұрыс жолға қою әрқашан тиімді нәтижеге жеткізетінін еске салды. Бірнеше жылдар бойы ұйымшылдықпен жұмыс жасаған қос ұжым мүшелері ізгі ниеттерін жеткізді.
«Толағай» бөбекжай-бақшасына меңгеруші болып тағайындалған Гүлжахан Қалданқызы мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу саласында мол тәжірибеге ие. Еңбек жолын 1984 жылы Сауран ауылындағы «Арман» балабақшасында тәрбиеші болып бастап, «Сауран» орта мектебінде педагог-психолог болып жұмыс жасады. 2010 жылы балабақшаға оралып, «Көркем» бөбекжай-балабақшасында меңгеруші қызметін атқарған. Соңғы жылдары яғни бүгінгі күнге дейін «Келешек» санаторлық балабақшасының ұжымына басшылық етіп келді. Педагогика саласында жалпы 42 жыл еңбек етсе, оның ішінде 16 жыл қос ұжымға басшылық етті. «Басшы-көшбасшы» біліктілік санатына ие.
«Келешек» санаторлық балабақшасына жаңа қызметке тағайындалған Қарлығаш Төлебекқызы да салаға еңбегі сіңген педагог, білікті басшы. «Балдырған» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып еңбек еткеннен кейін қызметін балабақша меңгерушісі болып жалғастырды. «Толағай» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, қаладағы алдыңғы қатардағы мектепке дейінгі ұйымдардың бірі болуы жолында аянбай еңбек етті. «Басшы-ұйымдастырушы» санатын алды. Жалпы 15 жылдық еңбек өтілінде нәтижелі еңбек етіп келе жатқан Қарлығаш Төлебекқызы жаңа жұмыс орнында да биік белестерден көрінетіндігіне сенім мол.
Мектепке дейінгі ұйым басшыларының ротациясы басқару тәжірибесін жетілдіріп, балабақшалар арасындағы озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жаңа ортада жұмыс істеу меңгерушілерге жинақтаған кәсіби тәжірибесін тиімді қолданумен қатар, ұйымның жұмысын жаңа қырынан дамытуға жол ашады.
Түркістан қаласында мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға ерекше мән берілуде. Баланың алғашқы даму кезеңіндегі тәрбиесі мен білімі оның кейінгі оқуына тікелей әсер ететіндіктен, балабақшалардағы тәрбие жұмысының мазмұнын жетілдіру және балаларға қолайлы орта қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Мектепке дейінгі ұйым басшысының кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті ұжымның жұмыс сапасына тікелей ықпал етеді. Осы ретте тәжірибелі мамандардың басшылық қызметте өзара тәжірибе алмасуы педагогтермен тиімді жұмыс жүргізуге, ішкі басқару жүйесін жетілдіруге және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі тәрбиеде баланың жеке қабілетін ескеріп, шығармашылық ойлауын, қарым-қатынас мәдениетін және танымдық белсенділігін дамытуға басымдық беріледі. Бұл бағытта тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін арттыру және заманауи педагогикалық әдістерді күнделікті жұмыста тиімді қолдану маңызды.
Педагог мамандығының беделін арттыру да мектепке дейінгі білім беру сапасымен тығыз байланысты. Білікті тәрбиешінің еңбегін қолдау, кәсіби дамуына жағдай жасау және тәжірибелі мамандардың өнегесін жас педагогтерге үлгі ету салаға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы басқару жүйесін жетілдіру балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне, педагогтердің өз міндеттерін сапалы орындауына және ата-аналармен тиімді байланыс орнатуына негіз болады. Түркістан қаласында бұл бағыттағы жұмыстар білім беру саласын дамыту міндеттерімен сабақтастықта жалғаса бермек.
Тәрбие сапасын арттыруда ата-аналармен тығыз байланыс орнатудың да маңызы зор. Балабақша мен отбасы арасындағы өзара түсіністік пен тұрақты қарым-қатынас баланың қажеттіліктерін дұрыс айқындап, оның тәрбиесі мен дамуына ортақ жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Осындай бірлескен жұмыс әр баланың қабілетін ерте жастан байқап, оны қолдауға қолайлы жағдай қалыптастырады.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары