Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен өзге этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің таңдауым» атты байқау өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дәріптеу және насихаттау, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыру, оның қоғамдық қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыру.
Ісшараға 18-63 жас аралығындағы өзге этнос өкілдері қатысып, қазақ тілін меңгеру деңгейін, шығармашылық қабілеті мен ой-өрісін көрсетті.
Байқаудың ашылу салтанатында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Жылдың үздік баспасөз хатшысы» номинациясының иегері, мәдениет және тіл жанашыры Шаметова Тұрсынай Қуанышбайқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара «Тіл – ұлттың коды» атты мазмұнды бейнероликпен басталды. Бейнероликте мемлекеттік тілдің ұлт болмысын айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі екені көрініс тапты.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Өлең – сөздің патшасы» деп аталып, қатысушылар қазақ ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқыды. Екінші кезең – «Тұлға тағылымы» кезеңінде қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен ұлы тұлғаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші кезең – «Мемлекеттік тілді үйрену тәжірибем» бөлімінде қатысушылар қазақ тілін үйрену жолындағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің өміріндегі маңызы туралы ойларын жеткізді.
Байқауға Бектемирова Юлдуз Муратқызы, Бекташова Дилмира Далаханқызы, Жаппарова Дияна Дилмуратқызы, Курбаналиева Гулзода Тулкинқызы, Хурмеева Айжемал Хангелдыевна, Салханова Дилноза Дилшадқызы, Ибрагимова Наргиза Фахриддиновна, Рахматулла Зулхумар Октамжанқызы қатысты.
Қатысушылардың өнері мен білімін бағалаған қазылар алқасының құрамында Шаметова Тұрсынай Қуанышбайқызы, Түркістан қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Түркітілдес халықтар кітапханасының міндетін атқарушысы Қалдыбаева Шырынкүл Нұрғалиқызы, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының басшысы Жанабекова Асел Жүзбайқызы болды.
Байқау барысында қатысушылар белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, өздерінің тілдік білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Шара соңында қатысушылардың мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы мен қазақ тіліне деген құрметті ерекше атап өтті.
Мемлекеттік тілді меңгеру азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына және ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіне мүмкіндік береді. Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген әр азаматтың талпынысы мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданысын кеңейтуге өзіндік үлес қосады.
Тілді үйрену тек сөздік қорды қалыптастырумен шектелмей, халықтың тарихы мен мәдениетін тануға жол ашады. Қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды оқу, ұлттық салт-дәстүрмен танысу және тарихи тұлғалардың өмірін зерделеу тіл үйренушінің елге деген қызығушылығын арттыра түседі.
Түркістан қаласында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған осындай байқаулар мен танымдық кездесулердің ұйымдастырылуы тілдік ортаны дамытуға ықпал етеді. Түрлі этнос өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеуге ұмтылысы қаладағы қоғамдық келісім мен өзара құрметтің нығая түскенін көрсетеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда жастардың қызығушылығын ояту да маңызды. Қазақ тілін күнделікті қарым-қатынаста қолдану, кітап оқу, шығармашылық жобаларға қатысу және тілдік орта қалыптастыру арқылы өскелең ұрпақтың тілге деген жауапкершілігін күшейтуге болады.
Мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытында қазақ тілінің қоғамдық қолданыс аясын кеңейту, тіл үйренуге қолайлы орта қалыптастыру және заманауи талаптарға сай тілдік дағдыларды жетілдіру маңызды. Түркістан қаласында ұйымдастырылып жатқан тілдік байқаулар мен ағартушылық шаралар осы бағыттағы жұмыстарды ақпараттық тұрғыдан қолдап, тұрғындардың қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақ тілін дамытудағы заманауи реформалар мен жаңашыл тәсілдер де тілдің қолданысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Тілдік нормаларды жетілдіру, қазақ тілін оқыту әдістемесін жаңарту және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мемлекеттік тілдің заман талабына бейімделуіне жол ашады. Бұл жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуы қазақ тілінің күнделікті өмірде, білім беру мен қоғамдық ортада кеңінен қолданылуына ықпал етеді.
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі, ортақ құндылық. Ал мемлекеттік тілді таңдау – Қазақстанның болашағына деген ортақ жауапкершілікті таңдау.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары