10 тамыз – Абай күніне орай Созақ аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай әлемі» атты ашық аспан астындағы әдеби-мәдени іс-шара өтті. Рухани кешке кітапхана оқырмандары, ұстаздар, жастар, ардагерлер, ақ жаулықты әжелер мен аналар, өнерпаздар және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Киіз үйдің төрінде ұйымдастырылған шараның мақсаты – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, мол мұрасын жас ұрпаққа таныту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Шараның ашылуында кітапхана директоры Нұржамал Әбілжанқызы сөз сөйлеп, Абай мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ кітапхананың оқырман мен әдеби мұра арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін атап өтті.
Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымды әңгімелер айтылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды.
Рухани кештің мазмұны ұлттық өнермен де сабақтасты. Ахмет Жұбанов атындағы саз мектебінің оқушысы, Түркияда өткен халықаралық байқаудың Super Grand Prix жүлдегері Өлке Гүлім күмбірлеген күй орындады.
Сонымен қатар «Абай ауылында» ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған әдебиеттер арқылы оқырмандар Абайдың шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысты. Кітапхана оқырмандары арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, танымдық белсенділіктерін арттыратын мазмұнды жұмыс жүргізілді.
Абай мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақты кітап оқуға, білім іздеуге және өздігінен ізденуге баулу – рухани тәрбиенің маңызды бағыты. Созақ ауданында ұйымдастырылып отырған әдеби кездесулер мен кітап көрмелері оқырмандардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» секілді шығармаларындағы білім мен ғылымға үндеген ойлары бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті. Абайдың тағылымы жастарды уақытты тиімді пайдалануға, үздіксіз білім алуға, еңбек етуге және өз қабілетін дамытуға шақырады.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – ойы терең, дүниетанымы кең және сыни ойлай алатын тұлға тәрбиелеудің тиімді жолы. Осы бағытта Созақ аудандық кітапханасында оқырмандардың әдеби шығармалармен тұрақты танысуына, өз пікірін еркін білдіруіне және рухани ізденісін арттыруына мүмкіндік беретін жұмыстарды жалғастыру маңызды.
Абайдың жаңашыл ойлары мен ағартушылық көзқарастары қазіргі қоғамдағы жасампаздық пен прогреске ұмтылыспен де үндеседі. Ұлы ойшылдың білімге, еңбекке және ғылымға шақырған идеялары жастарды жаңа бастамаларға ұмтылып, өз ортасының дамуына үлес қосуға жігерлендіреді.
Әдеби-мәдени шаралар арқылы жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, олардың жаңа идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру де маңызды. Білім мен руханиятты қатар ұштаған жас ұрпақ – қоғамның алға жылжуына серпін беретін негізгі күш.
Абайдың рухани мұрасы ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілікке және ізденіске үндей отырып, уақыт өткен сайын жаңа қырынан таныла береді. Сондықтан оның шығармаларын оқу мен зерделеу – ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, білімге ұмтылған, ойы еркін әрі жасампаз азамат қалыптастырудың берік негізі.
Осындай рухани кештердің ұйымдастырылуы кітапхананың тек кітап қоры сақталатын орын ғана емес, оқырманды ұлттық мәдениетпен, әдебиетпен және өнермен тоғыстыратын маңызды қоғамдық орта екенін көрсетеді. Әдеби мұраны көпшілікпен бірге талқылау арқылы әр буын өкілі өзара тәжірибе бөлісіп, рухани сабақтастықтың мәнін терең сезіне алады.
Абай шығармаларын дәріптеуге арналған мәдени бастамалардың ауқымын кеңейту арқылы оқырмандардың әдеби талғамын қалыптастыруға және ұлттық әдебиетке деген құрметін арттыруға мүмкіндік мол. Әсіресе жастардың ақын мұрасын тек мерекелік шаралар аясында емес, күнделікті оқу, талдау және шығармашылық жұмыстар арқылы танып-білуіне жағдай жасау маңызды.
«Абай әлемі» секілді тағылымы мол кездесулер руханият пен ұлттық өнерді бір арнаға тоғыстырып, қоғамдағы кітап оқу мен мәдени орта қалыптастыру ісіне тың серпін береді. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, аудан тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыратын мазмұнды жобалардың қатарын толықтыра бермек.
Абайды оқу – өзіңді тануға, Абайды түсіну – адамдықты тануға бастайды. Ұлы ақынның мұрасы – ұлтпен бірге жасайтын мәңгілік рухани қазына.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары