Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » СОЗАҚТА “ТІЛ — ӘР ҰЛТТЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС ҚАЗЫНАСЫ” АТТЫ ТІЛ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

СОЗАҚТА “ТІЛ — ӘР ҰЛТТЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС ҚАЗЫНАСЫ” АТТЫ ТІЛ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің “Тілдерді оқыту және дамыту орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен «Тіл – әр ұлттың баға жетпес қазынасы» атты тіл фестивалі өтті.Фестивальдің басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін насихаттау, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде кеңінен қолдануға ықпал ету және тіл жанашырларын көпшілікке таныту.

Фестиваль аясында көрермен назарына мазмұнды көрмелер ұсынылды. Атап айтқанда, аудандық орталық кітапхананың дайындаган кітап көрмесі, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының тыныс-тіршілігін таныстыратын көрме, тілдерді оқыту бағыты бойынша әдістемелік және ақпараттық материалдар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Созақ» этно-мәдени бірлестігінің көрмесінде өзбек халқының ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрін танытатын бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Шараның көркемдік бөлімі де мазмұнға бай болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі сомдалған көрініс қойылып, оның тіл тағдырына қатысты ойлары мен ұлт руханиятындағы орны көрерменге әсерлі жеткізілді.

Фестиваль барысында көркемсөз шеберлері ана тілі, туған тіл, қазақ тілі туралы өлеңдер оқып, тілдің ұлт өміріндегі маңызын көркем сөзбен жеткізді. Ұлттық өнердің өзегі саналатын күй тартылып, рухты эстрада бағытындағы әндер мен дәстүрлі әндер шырқалды. Ән мен күй, көркемсөз бен сахналық қойылым бір арнаға тоғысып, фестивальдің мазмұнын аша түсті.Түрлі ұлттардың өнері мен дәстүрі – достық пен бірліктің жарқын көрінісі. Созақ этно-мәдени бірлестігі — ауданымызда осы бір достық пен бірлікті нығайтып, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеуге үлес қосып келе жатқан ұжым. Өзбек халқының дойра аспабында сүйемелденіп, жанды дауыста айтылған ән іс-шараның көркін аша түсті.

Фестивальдің маңызды бөлімдерінің бірі – тіл жанашырлары мен этнос өкілдерінің сөз сөйлеуі болды. Олар мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, қазақ тілін үйрену мен қолданудың маңызы, ана тілін құрметтеу және ұрпаққа тіл мұрасын аманаттау туралы ойларымен бөлісті.

Шара барысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының жүзеге асуына үлес қосып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін қалыптастыруға және қазақ тілін насихаттауға белсенді атсалысып жүрген тіл жанашырлары арнайы марапатталды.

Фестиваль барысында тілдің адам мен қоғам өміріндегі маңызы туралы кеңінен айтылып, әр халықтың ана тілін сақтауы мен дамытуының маңыздылығы атап өтілді. Ана тіліне деген құрметтің ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтаудағы орны ерекше екені айтылды.

Мемлекеттік тіл – елдегі барлық этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылықтардың бірі. Қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылықты арттыру және оның күнделікті қарым-қатынаста кеңінен қолданылуына жағдай жасау – тіл саясатының негізгі бағыттарының бірі екені сөз болды.

Созақ ауданында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тіл үйрету курстары, байқаулар, кездесулер мен мәдени іс-шаралар арқылы тұрғындардың қазақ тілін үйренуіне және тілдік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік жасалуда.

Фестивальге қатысушылар тілдерді дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, көптілді қоғамда әр тілге құрметпен қараудың қажеттігін атап өтті. Әр халықтың тілін құрметтеу – өзара түсіністік пен татулықты нығайтудың маңызды негізі екені айтылды.

Тіл фестивалі түрлі мәдениет пен өнерді бір ортаға тоғыстырып, қатысушыларға рухани және танымдық әсер сыйлады. Мұндай шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерумен қатар, ел бірлігін нығайтуға және халықтар арасындағы достықты дәріптеуге өз үлесін қосады.

Тіл мәдениетін қалыптастыруда отбасы мен білім беру ұйымдарының ықпалы да ерекше. Баланың ана тіліне деген құрметі ең алдымен күнделікті қарым-қатынастан басталып, мектептегі тәрбие мен қоғамдық ортада жалғасын табады. Осы сабақтастық сақталған жағдайда тілге деген жауапкершілік пен ұлттық сана қатар қалыптасады.

Тіл фестивалі секілді мазмұнды мәдени жобалар көпшілікті ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, әр этностың мәдениеті мен тілін құрметтеуге жол ашады. Тілі мен дәстүрін дәріптеген, бір-бірінің ерекшелігін сыйлаған қоғамда өзара түсіністік нығайып, ел бірлігінің тұғыры беки түседі.

Осындай шаралар арқылы мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру, көп этносты қоғамдағы тілдік және мәдени құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақты ана тілін ардақтауға баулу бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*