Тіл – халықтың рухани қазынасы, ұлттың болмысын айқындайтын баға жетпес құндылық. Ана тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарихымыз, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыз жетеді.
Тіл – ұлттың рухы, халықтың жүріп өткен жолы мен болашаққа бастар алтын көпірі. Оны құрметтеу – туған елді, ұлттық құндылықтарды құрметтеу.
Әр буынның жүрегіндегі тілге деген сүйіспеншілік – бір мақсатқа тоғысады. Ол – қазақ тілін қастерлеу, күнделікті өмірде қолдану және келер ұрпаққа аманат ету.
Бүгінде мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіретін маңызды құндылық әрі ел бірлігінің берік негізі. Қазақ тілін құрметтеу және оның қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет. Мемлекеттік тілді күнделікті өмірде, білім беру, мәдениет, еңбек және қоғамдық ортада кеңінен қолдану – оның дамуына жасалған нақты қадам.
Қазақстан – түрлі этнос өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Сондықтан көптілділік – қоғамның мәдени және зияткерлік әлеуетін арттыратын маңызды мүмкіндік. Әр тілге құрметпен қарау – әр халықтың мәдениеті мен тарихына құрмет көрсету.
Бүгінде қазақ тілін дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тіл үйрету курстарын ұйымдастыру, түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізу және қазақ тілін күнделікті қарым-қатынаста қолдануға шақыру – осы жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі.
Қазақ тілін дамыту – баршамызға ортақ міндет. Әр азаматтың мемлекеттік тілге құрметпен қарап, оны күнделікті өмірде қолдануы – тілдің болашағына жасалған маңызды қадам. Ана тіліміздің мәртебесін биіктету арқылы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа тіл мұрасын аманаттай аламыз.
Созақ ауданы аумағында да мемлекеттік тілді насихаттауға, тұрғындардың қазақ тілін меңгеруіне және тілге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар қазақ тілінің қоғамдық ортадағы қолданысын кеңейтіп, тіл мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
Тілдерді дамыту бағытында мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, оны оқыту мен үйрету сапасын арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар тіл үйренуге қызығушылықты арттыратын түрлі байқаулар, акциялар, кездесулер, пікірталастар мен мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Тілге құрмет – елге құрмет.
Мемлекеттік тілге құрмет – ортақ міндет.
Әр тілге құрмет – татулықтың белгісі.
Баршаңызды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтаймыз!
Еліміздегі барлық тілдің өркендеп, мемлекеттік тіліміздің тұғыры биіктей берсін! Тіліміз тұғырлы, бірлігіміз ғұмырлы болсын!
Жұмабай Жәудір Тұрғынбайқызы
Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары